Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі

Шығыс Қазақстанның табиғаты

Табиғат залымен танысу, облыстың географиялық орналасу ерекшеліктері, шекаралары, байлығы с.с. Шығыс Қазақстанның зерттелуі және оның зерттелуіне үлес қосқан П.П. Семенов Тянь-Шанский, Н.М. Пржевальский, А.Н. Седельников, В.А. Обручев сияқты т.б. ғалымдар туралы мағлұмат беретін деректер қойылған сөреден басталады.

Шығыс Қазақстан алқаптарында табиғи жағдайлардың алуан түрлі болып келуіне орай, оның табиғат ландшафтарындағы жануарлар әлемі мен өсімдіктер дүниесі де сан алуан болып қалыптасқан. Облыс аумағының 50-ге дейін жететін табиғат ланшафтарында құстардың 400 түрі, 115 түрлі сүтқоректілер, бауырымен жорғалаушылардың 27 түрі, 5 қосмекенділер түрі ұшырасса, құрт-құмырсқа мен жәндіктердің 15 000 ден астам түрі бар, 3500 түрлі өсімдік өседі. Жер қабатында геологиялық құбылыстардың ұзақ уақыт бойы ұдайы, үздіксіз жүруі облыс жерінің бет-бедерінің, климатының біркелкі емес, әртүрлі, сондай-ақ ландшафтарының алуан түрлі, бай болып қалыптасуына әсер етті. Өлкеміздегі жер бет-бедерінің, климатының жануарлар әлемі мен өсімдіктер дүниесінің ерекшеліктері Палеозойдың девон дәуірінен бастап келесі диарамалардың 2 сөресінде геологиялық кезеңіне сәйкес сипатталып көрсетілген. Олар – жасы 400 млн. жылдан асатын моллюскалар, брахиоподтар, мүкденелілер сияқты теңіз түбінің тіршілік иелері, таскөмір және үштік дәуірлердегі өсімдік қалдықтары мен таңбалары, мезозой дәуірінің бор кезеңіндегі динозавр жұмыртқаларының қалдықтары, мұз басу және кайнозой кезеңдеріндегі жануарлардың сүйектерінің қалдықтары. Аталған көне жаратылыстарды ғалымдар Шығыс Қазақстан облысының аумағынан алғаш рет тапқан болуы керек. Мәселен динозавр жұмыртқаларының қалдықтары (1959ж.). Бәлкім, дәл осы арада осы көне жаратылыстарға ғалымдар тарапынан жан-жақты ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілуі де әбден ықтимал. Қалай болған күнде де олар Тархан геологиялық жер тілігінде сақталып қалған, девон және карбон шегінділерінің аралық мәжесін нақты анықтауға мүмкіндік берген геологиялық құрылымдарды анықтауда басшылыққа алынатын брахиопод, трилобит, ретепорин тәрізді теңіз түбінің тіршілік иелері – геологиялық құрылымдардың классикалық түрі болып табылады. Сол себепті де «Тархан геологиялық жер тілігі» - табиғат ескерткішінің бүкіләлемдік маңызы зор.

Жеріміздің геологиялық тарихының аласапыранды болып келуі өлкедегі жер қойнауында жез, мырыш, қорғасын, күміс, алтын, платина сияқты полиметалл кендерінің, сондай-ақ титан, галлий, индий, таллий, селен, теллур тәрізді сирек кездесетін металдардың – барлығы 50 түрлі құрауыштарды қамтитын пайдалы кен қазбаларының мол қорының түзілуіне тікелей ықпал етті. Аталған пайдалы қазбалардың көпшілігі бойынша біздің облысымыз ТМД елдері және дүние жүзінде жетекші орындарды иеленеді. Мұражайда минералдармен, тау жыныстарынан құралған топтамалармен, түсті және сирек металл кендерінің түрлерімен, әшекейлік және бағалы тас үлгілерімен, с.с. құрылыс пен отын өнеркәсіптерінде қолданылатын шикізат түрлерімен танысуға болады. Олардың қатарында – көмір қышқылды мыс тұзынан құралған ашық жасыл түсті минерал тас – малахит, көк тас,(лазурит) танталит, минералды кварцтың бір түрі яшма, әйнек тәрізді жылтыр минерал тас – опал, кварц текті қатты асыл тас – жүзақ (агат), турмалин және зүбәржат (изумруд), бетонитті саз балшық, әкті минерал (гипс), ізбес т.б. көптеген бағалы шикізаттар.

Облыстың климат картасынан маусымға, жердің бет-бедеріне және теңіз деңгейінен биіктігіне байланысты ылғалдылық пен температуралардың күрт ауытқушылығын байқауға болады. Зайсан қазаншұңқырында жаздық және қыстық температуралардың ауытқу айырмашылығы 1000-қа дейін жетеді. Бұндай құбылыс құрлықтың басқа еш жерінен байқалған емес. Жауын-шашын түсу мөлшері де облыс бойынша біркелкі таралмайды. Зайсан қазаншұңқырының шөлейт далаларына жыл бойындағы жауын-шашын түсу мөлшері 125-250мм болады. Ал, Алтай таулы алқаптарында бұл көрсеткіш 2500 мм-ге дейін жетіп, одан да жоғары мөлшерді көрсете алады. Сол себепті тау өзендерінің суы мол болып келеді. Ертістің мол сулы арналары бастауын Алтай тауларынан алады. Жалпы Ертіс өзенінің өзі де Моңғол Алтайынан басталады. Шығыс Қазақстан облысында 1200 өзен, 2000 көл бар. Бұл біздің облысымыз үшін, Қазақстанның басқа облыстарымен салыстырғанда біршама жоғары көрсеткіш болып есептеледі. Ертіс өзенінің неғұрлым мол сулы арналарын Өскемен, Бұқтырма, Шүлбі сияқты үш электр станциялары реттейді. Үйдене, Үлбі сияқты шағын тау өзендерінде де электр станциялары бар.

Шығыс Қазақстан аумағында Алтай – Саян тау жүйесінің шеткері батыс алқаптары орналасқан. Өлкеміздегі ең биік шың (4506м.) – Белуха тауында Мұзарт шыңды, биік таулы тундра ландшафтарын аласа тау бөктерлері алмастырса, шалғынды тау бөктерлері үстіртті жондарға ұласып кетеді. Біртіндеп аласара келіп үстіртті дөңес жондар Зайсан қазаншұңқырының жартылай шөл жазық далаларымен шектеседі. Өлкеміздегі таулы мұзарт алқаптардан басталатын ландшафтарлың көптігі сондай, олар құрлықтың тропиктік және субтропиктік ландшафт типтерінен басқа ландшафт түрлерінің барлығын қамтиды. Табиғат залында жабдықталған диарамалар әр ландшафтың өзіне ғана тән табиғи ерекшеліктерін сипаттайды. Мәселен, биік таулы белдеулерде тау ешкілері, альпілік ұзақтар, от үйрек, сұр суырлар мекендейді. Шығыс Қазақстан облысы – Қазақстанның орманға ең бай өлкелерінің бірі болып саналады. Орман типтерінің – майқарағайлы, шыршалы, балқарағайлы, жапырақты, қайыңды сияқты алуан түрлі болып келуіне орай, орманды алқаптарды мекен ететін жануарлар да түрлі – түрлі болып кездеседі. Шығыс Қазақстан ормандарын – қоңыр аю, құдыр, күзен, бұлғын құну сияқты сібірлік тайга аңдары мекендейді. Облыстағы кәсіпшілік аң шаруашылығы да осы аңдарға негізделіп дамыған. Неғұрлым бағалы болып саналатын, негізінен экспортқа шығарылатын аң терілері біздің облысымызда дайындалады. Кәсіпшілік аң шаруашылығына арналған витринада халықаралық тері аукциондарында көрсетілген шикізаттар қойылған. Олардың ішінде республиканың тек шығысында ғана ауланатын, аса бағалы терілердің бірі бұлғын, с.с. аукциондарда құны 2000 долларға дейін жететін сілеусін, құну және т.б. бар.

Келесі шағын витрина бойынша облыс жерінде мекендейтін қосмекенділер және бауырмен жорғалаушылармен таныса аламыз. Шыны сауыттарға аталған отряд – үшкір тұмсықты бақа және сұр құрбақа және улы емес сарыбас жылан, шұбар жылан, улы – кәдімгі сұр жылан, қалқантұмсық жылан, сирек, облыста тек Алакөл қазаншұңқырында ғана ұшырасатын оқ жылан қойылған. Сондай-ақ, осы сөреден құрғақ, шөл далаларда кездесетін бүйі, құршаян, қарабүйі сияқты өрмекшітәрізділер орын алған. Облыс картасында өлкемізді қоныстаған түрлі жан-жануарлардың таралуы кескінделген.

Өзен-көл жағалауларының көгорай шалғындары мен қамыс-құрақтарында жүзгіш құстар мен экологиялық тұрғыдан қарастырғанда сулы ортада тіршілік етуге бейімделген жан-жануарлар түрі көптеп саналады. Зайсан көлінің жағалаулары мен Қара Ертіс сағаларына жабайы қабан, кәмшәт, әупілдек, суқұзғын, сұр қаз, т.б. көптеген үйрек түрлерінің тіршілігі тән болып келеді. Осы диараманың қосалқы бөліктерінде құстар жұмыртқаларының зоологиялық топтамалары қойылған. Топтамаларды өлкеміздің құстар әлемін зерттеуші ғалымдар өткен ғасырдың 60-70-жылдарында жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесі ретінде мұражайға сыйлады. Олардың қатарында сирек ұшырасатын құстардың – қоқиқаз, сұңқылдақ аққу, үкі жұмыртқаларының үлгілерімен бірге кекілік, кәдімгі бұлбұл ұясының үлгілері де бар. Топтамалар ғылыми тұрғыдан әлі де маңызды болып саналады.

Шығыс Қазақстан облысының далалық алқаптары Алтайдың аласа таулы үстірттеріне ұласа жалғасып облыстың батыс алабын алып жатыр. Дала алқаптарының басым көпшілік бөлігі егістік немесе жайылымдық жерлер болып келетініне қарамастан, тек далада тіршілік етуге бейімделген түз тағылары мен құстар көптеп ұшырасады. Олар – дала күзені, сұр шіл, дала қыраны т.б. көптеген түз тағылары. Тау бөктерлерінде қар қалың болған жылдары көптеген тұяқты жануарлар – еліктер жазық далаға ауып келеді. Олардың соңын ала жыртқыш қасқырлар да жазыққа қарай ойысады. Дала ландшафтына тән өсімдіктер мен жануарлар әлемінің өкілдері Дала ландшафты сипатталған диарамадан орын алған.

Зайсан қазаншұңқырының құмайт және саздауыт құм шөл далаларының жануарлар әлемінің өкілдерін сипаттайтын ландшафт Шығыс Қазақстанда миллион жылдар бойы өзгеріссіз жасап келеді. Ашутас, Қиын Керіш табиғат ескерткіштерінің шөгінділерінде үштік дәуір кезеңінде біздің өлкемізде өскен пальма, метасеквоя, шынар сияқты өсімдіктердің таңбалары мен піл, мүйізтұмсық, қорқаулар және қылыш азулы жолбарыс сүйектерінің қалдықтары сақталған. Бұл күндері осы жартастардың қуыстарында тропиктік көгілдір құстәрізділер отрядының өкілдері көкқарға, құнақтар, қызыл кітапқа енген сирек кездесетін үкілер, қызғылт қара торғайлар көптеп ұя салады. Қызылқұм, Айғырқұм – құмды шөл далаларын аса сирек ұшырасатын Қызыл кітапқа енгізілген үш саусақты ергежейлі қосаяқтар, құм тышқаны, ортаазиялық үлкен көзді кесірткелер мекендейді.

Ондаған жылдар бойы табиғи қазыналарды бей-берекет пайдалану, атап айтқанда аңдарды мөлшерден тыс аулау салдары кәсіпшілік маңызы бар ортаның жұтаңдануына, тіпті қайсы бір ауланатын аңдардың мүлдем жойылып кетуіне әкеліп соқтырды. «Ауланатын аңдарды жерсіндіру» деп аталатын сөреден облыс жеріне жерсіндірілген сүтқоректілер мен құстардың түрлері орын алған. 1950-ж. Шығыс Қазақстанға су тышқаны (ондатра) жерсіндірілсе, 1960-70-жылдары америкалық сусарлардың, баргузин бұлғындары мен денелі тиіндердің (телеуткалардың), сәл кейінірек жетісу қырғауылдарының алғашқы тобы жерсіндіруге жіберілді. Облыстың кәсіпшілік – аңшылық қорын байытуға бағытталған жұмыстар сәтті жүргізіліп оң нәтижесін бере бастады.

Облыста жануарлар әлемі мен өсімдіктер дүниесін жан-жақты зерттеп, оларды сақтау, өсіріп-өндіру мәселелеріне айтарлықтай көңіл бөлінеді. Атап айтқанда Алтай ботаникалық (Риддер қ.) бағында Шығыс Қазақстан облысының өсімдіктер дүниесін салалап-саралау және санаққа алу жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді. Сирек өсімдіктердің таралуын айқындап оларды әр түрлі табиғи жағдайларда – тәжірибелік орындарда өсіру арқылы өсімдіктерді сақтап қалу шаралары белгіленуде. Кейін олардың өз табиғи ортасында өсіп-өнуі қалыптастырылатын болады. Ботаникалық бақ қызметкерлерінің жойылып бара жатқан өсімдіктерді баптап - өсіру арқылы қалпына келтіруге бағытталған жұмыстары және олардың нәтижесі туралы арнайы сөре мағлұмат береді.

1978-80-жылдары Қазақстан Республикасының Қызыл кітабы шығарылса, 1991 және 1996-жылдары қайта басылымы дайындалды. Республикалық Қызыл кітапқа жойылуға жақын қалған және оларды сақтап қалуға бағытталған шараларды жүзеге асыруды қажет ететін 57 түрлі өсімдік пен 60 түрлі омыртқалы жануарлар туралы мәліметтер қамтылған. Сирек өсімдіктер мен аз жануарларды қорғауға арналған сөреден түрлі-түсті суреттер мен кеппе өсімдіктер арқылы қорғаудағы өсімдіктердің түр-түсімен, ерекшеліктерімен танысуға болады. Сөреде орналасқан схемалық карта айрықша қорғалатын аумақтар туралы, сондай-ақ қай қорықтар мен қорықшаларда қандай өсімдік не жануар түрі мемлекеттік қорғауға алынғаны туралы мәлімет береді.

Шығыс Қазақстан облысында айрықша қорғалатын табиғи аумақтар жүйесі қалыптасқан. Оған бір мемлекеттік Катон-Қарағай ұлттық бағы, екі – Марқакөл және Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорық, сондай-ақ 8 республикалық маңызы бар, Құлынжүн және Тарбағатай зоологиялық қорықшалары, ботаникалық – төменгі Тұрғысын, «Қаратал құмдары», «Әлет», «Үржар», «Солдат сайы», «Рахман қайнарлары» және облыс құзырындағы Асубұлақ геологиялық-минерологиялық қорықшалары кіреді. 2003жылы қарамағына республикалық дәрежеде маңызы бар «Синегор майқарағай тоғайлары» және 5 облыс құзырындағы «Ашутас» геологиялық палеонтологиялық «Қиын Керіш», «Өртең адырлар», «Тархан геологиялық жер тілігі», «Көгілдір шығанақ» геологиялық-петрологиялық табиғат ескерткіштері кіретін «Семей орманы» қорығы құрылды. Айрықша қорғалатын табиғи аумақтарға (АҚТА) Риддер қ. ботаникалық бақ, сондай-ақ республикалық дәрежеде ерекше ғылыми маңызы бар он су қоймалары қарайды. Шығыс Қазақстан облысы бойынша айрықша қорғалатын аумақтар облыс жерінің 6 пайызын құрайтын жалпы ауданы 1,7 млн га болатын жерді қамтиды. Облыста қалыптасқан АҚТА жүйесі сирек және жойылып бара жатқан өсімдіктер мен жануарларды, сондай-ақ кәсіптік маңызы бар аң түрлерін өздері қоныстанған табиғи ортасымен бірге кешенді қорғау шараларын ұтымды түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жүйе қызметі ұдайы жақсартылып жетілдіру үстінде. Көп ұзамай Шығыс Қазақстанның теңдесіз алуан түрлі, игеруге ұшырамаған табиғи жануарлар әлемі мен өсімдіктер дүниесін сақтап, одан әрі байытуға айтарлықтай үлес қоса алары сөзсіз.