Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі

XVIII – XX ғасырлардағы Өскемен қаласының тарихы

ХVІІ-XX ғасырлар жүзіндегі Өскеменнің даму тарихын баяндауға арнайы экспозиция арналған. Қаланың даму тарихы бастауларын тым әріден алатынын қала аумағына қарасты (Защита, Нефтебаза, Меновное, Аблакетка) аудандарындағы бұзылған жерлеу орындарынан табылған қыш ыдыс, еңбек жабдықтары, белдіктер жинағы, қару-жарақ сияқты археологиялық олжалар айғақтайды. Бұлардың барлығы қаламыз орналасқан жерлерді адамдардың қола дәуірінен, ерте темір ғасырынан және ерте орта ғасырлардан бастап мекендеп келгенін көрсетеді.

Экспозициялардың басым бөлігі Өскемен бекінісі негізінің қалану тарихына арналған XVIII ғ. басында Ресей өзінің сібір алқаптарында жерін кеңейтуге бағытталған әскери қимылдарының барысында оңтүстік бағыттағы Ертіс және Үлбі өзендерінің сағасында Өскемен бекінісінің негізін қалады. Бекіністің бой көтеруі әскери жорықты бастап келген гвардия майоры Иван Михайлович Лихаревтың есімімен байланысты. Қазақстандық танымал суретші А.А. Гурьевтің Өскемен бекінісінің негізі қаланған кезеңді кескіндеген графикалық жұмысы қала тарихының өткеніне көз жүгіртуге мүмкіндік береді.

Ресей ішкі саясатының мұрағатында сақталған құжаттар бізді XVIII ғасыр тұсындағы Өскемен бекінісінің жобаларымен таныстырады. Жобалардың біріндегі түсіндірмелерден келесі жолдарды оқуға болады. «Бұл бекіністі 1720 ж. ресейліктер салып, Ертіс өзені тас тауларды жарып өтіп, сол тауларда қойнау қалыптастырыпты-мыс деген дақпыртқа орай, тас қойнаудағы қала атаған».

Құжаттар фотокөшірмесі: 1719 ж. майор Лихаревті жорыққа аттандыру туралы жазылған, I Петр қолтаңбасы бар жарлық басылған 1760 жылғы Сібір Жылнамасының беті Өскемен бекінісінің тарихынан орын алған жайларды айғақтайды. Бекініс Ертістің оң жағасында, Семейден 224 шақырым жерде орналасты. Ауданы 1га, тік бұрышты жобалы бекініс қазылған ормен және топырақ үйінділерімен қоршалып ағаш мұнаралары бар қамалдармен нығайтылды. Ішінде ағаш шіркеу, қазармалар және әкімшілік тұрақжайлары орналасты. Горнизонда бастабында 363 адам қызмет атқарса, 1725 жылдан бастап штат 785 адамға дейін ұлғайтылды. Экспозицияға қойылған жәдігерлер арқылы XVIII ғ. және XIX ғ. I жартысындағы Өскемен бекінісінің коменданттары туралы қызықты деректермен танысуға болады. Варфоломей Веревкиннің құлпытасындағы жазбадан Белгород губерниясының Карачево қаласындағы орыс дворяны секунд-майор Варфоломей Веревкиннің 1766 жылдан бастап осы бекініске жіберіліп, 12 жыл комендант болғанын білеміз.

Келесі мұражай жәдігері – ауызша айтылған деректерден құрастырылған 1821-1830 жылдардың метрикалық кітабы – топтамадан аса бағалы дүние ретінде санала отырып, XIX ғасырдың I жартысындағы Өскемен бекінісінің коменданты Иосиф де Лианкурттың өмірінен нақты жағдайларды хабарлайды.

Тарихи-өлкетану мұражайының қарулар топтамасының көмегімен XIX ғасырдың орта тұсындағы казактардың қарулануы туралы мағлұмат алуға болады: 1837 жылғы атты әскер қылышы; 1854 жылғы қысқа сапты қанжар, 1863 ж. қысқартылған семсер Офицерлердің ату қаруының біртекті үлгісі – 1873 ж. дейін қолданыста болған кремний оттықты тапанша және кең калибрлі мылтық – мушкет арқылы көрсетіледі.

Уақыт өте келе бекініс сыртынан қорғаныс қабілеті айтарлықтай нығайтылған форштадт, тұрмыс қажетінен туындаған қосалқы құрылыстар бой көтерді. 1765 жылы болған өрт салдарынан бастапқы ағаш бекініс түгелдей дерлік жанып кетті. Қосалқы құрылыстарын қоса алғанды, ауданы 7 га болатын тастан қаланған жаңа бекініс бой көтерді. Бекініс қорғаныс қызметін атқара отырып, халық қоныстанған елді мекен орталығына ұласып кетті. 1804 ж. Өскеменге штаттан тыс қала мәртебесі берілді, 1825 жылы Өскеменде бар жоғы 1304 тұрғын болды. Олардың 891-і ер адам болса, 413-і әйел еді. Қалада 207 ағаш үй, 9 дүкен, 1 ішім үйі, 5 қолөнер кәсіпорын, 1 шіркеу бар болатын. Барлық қалалар тәрізді Өскемен қаласының құрылыстары мен заманына сай өзіндік келбет тән болатын, қала көшелері қала тіршілігінен алатын орны мен атқаратын қызметтеріне орай бір-біріне нақты аумақты ғана қамти келіп шорт үзіліп келетін. Қала көшелерін оқтын-оқтын су басып кететін табиғи құбылыстарға байланысты көше жобалары да жиі жоспарлы түрде өзгеріске ұшыраумен бірге жедел дамып отырды. Мұражай қорларында сақталған ХIХ ғасырдың соңында түсірілген қала фотосуреттері, көше жоспарларының түпнұсқа тәсілдері, мұралық иелікті айғақтайтын кесімдер, сату-сатып алу құжаттары Өскемен қаласының жоспарлы түрде өсіп – өркендеуінен хабар береді. ХVII ғасырдың соңына таман Ильинская (қазіргі Әуезов даңғылы), Троицкая (К.Либкнехт көшесі), Үлкен (Киров көшесі), Андреевская (Головков) Соляной тұйық көшесін қоса алғанда (Ертіс жағалаулары), Крепостной (Крылов көшесі), Мешіт (К.Маркс көшесі), Соборный (Қ. Қайсенов көшесі) тәрізді көшелер қаланы құраған ең алғашқы басты көшелер болды. ХIХ ғасырдың II жартысында қаланың солтүстік беткейіндегі көшелер кең құлаш жайып дами бастады. Қала аумағы да біртіндеп ұлғая бастады. Береговая (Қызыл Қырандар жағалауы), Никольская (Ушанов көшесі), Садовая (Пермитина көшесі), Медвежья (Буров көшесі) тәрізді жаңа көшелер мен Пожарный (Горький көшесі), Сенная (Орджоникидзе көшесі) сияқты тұйық көшелер пайда болды.

ХХ ғасырдың бастапқы кезеңінде тұрғындары бес мыңнан жиырма мыңға дейін болатын шағын қалалар санатынан орын алды. 1897 жылғы алғашқы жалпы, тізім бойынша қала тұрғыны небәрі 8721 адам ғана болды. Уақыт өте келе, Өскеменнің өз заманының ағымына сай қалалық сипаты қалыптаса бастады. Белгілі бір қызмет түрін көрсететін орындар айқындалып нақты аумаққа шоғырландырылды. Қала көшелерін жоспарлы түрде дамыту жүйелі жүзеге асырылатын болды.

Шыны сөреге қойылған фотосуреттерден әртүрлі қауым өкілдерін көреміз: мещандар, көпестер, дін қызметкерлері, әскерилер, жұмысшылар және шаруалар. Ал қала казактарының айрықша қауым болып есептелгенін Өскемен станциясында казактар тұрған бөліктің жобасында оларға қарасты бау-бақшалы үйлердің сызба-құжаттарынан XX ғасырдың басында тұрған казактардың аты-жөні жазылған деректерден білуге болады. Батыс Сібір және Қазақстан жерлерінде 1809-жылы XVIII ғасырдан бастап қалалар мен шекара желілерінде әскери қызмет атқаратын казактардан жасақталған казак әскерлері құрылды. 1872ж. өлкемізде Сібір казак әскерлерінің 3 атты әскер полкі құрылып, оның бөлімдері Өскеменге бөлініп орналастырылды. 1809-1909 жылдардағы 3-Сібір казак полкінің қызметі жайлы мерзімдік альбом әңгімелейді.

1854 ж. Семей облысының құрылуына байланысты, Өскемен үйезден тыс қала ретінде Семей құрамына кірді. Ал, 14 жыл өткен соң Семей облысына қарасты үйез орталығы болды. XIX ғасырдың II жартысынан бастап жергілікті өзін-өзі басқарудың өкімін қалалық басқарма жүзеге асырды. Қала басының төрағалық етуімен Дума 2-3 адамнан тұратын қала басқармасын сайлады. Өскеменде бұл лауазымға К.А. Некрасов, О.Ф. Костюрин, И.В. Подойников, И.В. Михайлов және тағы басқа құрметке лайықты деп танылған ауқатты адамдар сайланды.

Сол кездерден жеткен құжаттар мен фотосуреттер арқылы басқарма құзырында шешілетін мәселелердің ауқымымен танысуға болады. Олар: Денсаулық сақтау және халыққа білім беру мәселелері, сауданы және жергілікті кәсіпорындарды дамытуды қолдау, қала көшелерін көркейтіп, тәртіптің сақталуын қадағалау. Өмірдің сан қилы маңызды мәселелеріне байланысты қала тұрғындарының құқықтары мен міндеттерін анықтайтын 1913 жылы жарық көрген аса қызықты, бағалы құжат – «Өскемен қаласының тұрғындарына арналған міндетті қаулылардың жинағы» - деп аталады.

Өткен ғасырдағы Өскеменнің өзіндік келбеті көне ашық хаттар мен фотосуреттерден көрініс тапқан. XIX ғ. соңы мен XX ғ. бастапқы кезеңінде қаланың орталық ауданы толығымен қалыптасып болды. Қала орталығында 1888 жылы бой көтерген Покров ғибадатханасы, 1902 ж. салынған Халық Үйі, 1898 ж. қалалық қазына үйі, XX ғ. II жартысындағы полиция және қалалық басқарма сияқты қоғамдық және әкімшілік ғимараттармен бірге И.Н. Кожевников, С.Ф. Семенов, П.Е. Усов, В.М. Михайлов, А.В. Курочкин. А. Рафиков, Ф.Г. Муравьев сияқты т.б. көпестердің дүкендері мен сауда қатарлары орналасты. Шағын көпес дүкенінен келтірілген көріністен тауарлардың алуан түрлерімен танысуға болады. Бұнда қойма-қамбалардың ауыр шойын құлыптарынан бастап, әрқилы өлшемді, пошымды самаурындар, керосин шамдар, Гарднер және Кузнецов фабрикасынан шыққан кәрлен кеселер, швейцар сағаттары, ат доғасының қоңыраулары тәрізді тұрмысқа қажетті сан алуан бұйымдардың көпшілігі бар. Қала бикештеріне көпес дүкендерінде көйлектің матасы, былғары аяқ киімдердің баулы, баусыз неше түрлері, әсіресе, Баранов, Молчанов сияқты танымал мануфактуралардың өнімдері – шәлі, орамалдардың түр-түрі ұсынылатын болған.

Экспозицияның келесі, айтарлықтай, ең үлкен бөлімі – қала экономикасының өркендеуімен, XX ғ. басындағы қалалықтардың тұрмысы және кәсібімен таныстыруға арналған.

Шетел капиталының саудаға енуі - өткен ғасырдың басты ерекшелігі болды. «Зингер» компаниясының Өскеменде іс машиналарын саудалайтын өз дүкені болды. Американдық «Диринг», «Осборн», «Мильвоки» фирмаларының ауыл-шаруашылық машиналарын сатумен «Халықаралық компаниялардың» бөлімдері айналысты.

Экономикалық даму банк филиалдары жүйесінің құрылуымен, сондай-ақ, қаланың орта дәулетті тұрғындарын өз қызметімен қамтитын несие мекемелерінің пайда болуымен қатар өрістеді. П.Д. Семенов деген көпеске қалада қоғамдық банк ашылған – 1914 жылы Өскемен банкі берген чек кітапшасы, 1913 жылдың мамыр айында құрылған несие серіктестігінің жарнамалық беті және өткен жүзжылдықтан жеткен мұражайдағы басқа да деректемелердің кешені қала экономикасының дамып өркендегенін көрсетеді. Өлкемізде алтын өндіретін өнеркәсіптің дамуына байланысты Өскемен – алтын өнеркәсібінің орталығына айналды. Мұражайда сақталған құжаттар, карта мен фотосуреттер алтын өндірумен шұғылданатын өнеркәсіптің айтарлықтай өркендегенін көрнекті түрде баяндай алады. Барлық 360 алтын кен орнының, нақты жұмыс істеп тұрған 132 кен орнынан 1894 жылдан бастап 1900 жылға дейін 200 пұттан астам алтын өндірілді. Алтын кен орындарының иелері көпес Л.Н. Кривошеин, М.Ф. Степанов, А.С. Меновщиков, А.В. Валитов сияқты Өскеменде тұратын дворян, мещан қауымдарының өкілдері болды.

XIX ғасырдың көптеген зерттеушілері қалалықтардың негізгі кәсіптерінің бір саласы – ара шаруашылығы болды деп есептеді. Өскеменнің шет алқаптарына алғашқы ара астауларын 1786 жылы полковник Н.Аршеневский Малороссиядан әкелді. Сол кезден бастап ара шаруашылығы – Алтай және Қазақстан экономикасының жетекші саласына айналды. Ал, ара шаруашылығының дамуын ғылыми тұрғыдан А.Н. Федоров негіздеді. Өскеменде оның жетекшілігімен курстар, көрме-базарлар ұйымдастырылды. Ал, 1915-1916 жылдары Өскеменде Алтай омарташыларының екі съезі өткізілді.

Шыны сөредегі ара шаруашылығы мен омарта ісіне арналған түпнұсқа журналдар мен кітаптар Д.Г. Панкратьевтің иелігінде болған. Қаладағы бау-бақшаның дамуы Панкратьевтің есімімен тығыз байланысты. Дмитрий Гардеевич өз бағында жемісті бұталардың жаңа сұрыптарын шығарып алумен ғана тынбай, ол жылу сүйгіш жүзімдерді біздің өлкеміздің табиғи жағдайларына бейімделіп өсуін қалыптастыра алды.

Экспозициядан орын алған «XIX ғ. II жартысындағы және XX ғ. бастапқы кезеңіндегі Өскемен қ. өнеркәсібі» деп аталатын салыстырмалы кесте қалада мал және ауыл-шаруашылығы өнімдерін май, шошқа майы, былғары, қой терісін өңдейтін кәсіпорындардың кең қанат жайып өркендегенін нанымды баяндайды. Жалпы, қала өнеркәсібі, 4-6 адам жұмыс істейтін шамалы ғана қауқары бар шағын кәсіпорындардан тұрды. Тек О.Ф. Костюриннің шеберханалары мен А.А. Бабкин диірмені, Б.П. Сидоровтың май зауыттары ғана механикаландырылған болатын.

Алтай тармақты Сібір темір жолының іске қосылуы Семей облысының экономикасын айтарлықтай жандандырды. «Батыс Сібір бу кемелерінің және сауда серіктестігі», «Плотников М және ұлдарының Сауда үйі», «Ағайынды Нобельдер серіктестігі» бу кемелері компанияларының құжаттары мен фотосуреттері өлкедегі өзен көлігінің даму барысын көрсетеді. 1900 жылы Ертіс өзенінің негізгі күре тамырларымен бар жоғы 15 тіркемелі бу кемелері сапарға шығып тұрған болса, ал 1911 жылы 150-ден астам бу кемелері мен баржалар су жолымен қатынайтын болды.

XIX ғ. соңы XX ғ. басындағы қаладағы әйел қауымының өкілдері негізінен қол өнерімен айналысты. Орта дәулетті отбасылар дайын маталардан өздері киім тігіп, тоқумен шұғылданатын. Ауқатты қалалықтар тігіншілер мен соңғы сән үлгілерін ұсына алатын шеберлердің қызметін пайдаланды. Олар өздерінің тапсырыс берушілеріне париждік сән үлгісіндегі маталарды пішіп тігу қызметін ұсына білетін. Қала дүкендерінде сәндік жағалар, желпуіш, әйел сөмкелері, иіс су сияқты дайын өнімдермен бірге көптеген ұсақ-түйек, сәндік қосалқы бұйымдар да үлкен сұраныспен саудаланды.

1880 жылы Семейден Өскеменге алғашқы телеграф желісі тартылды. Өскемен тұрғындарының өткен ғасырдан сақталып жеткен көптеген төлем түбіртектері, хат конверттері, көркемсуретті ашық хаттары – бүкіл әлеммен байланысты жүзеге асыратын пошта-телеграф қызметінің қала тұрғындары үшін маңызы аса жоғары болғанын аңғартады.

Ұзақ жылдар бойы кеңсе қызметін атқарған И.А. Рубцов, Е.П. Студеникиндердің фотосуреттері және заттары шыны сөрелердің бірінен орын алды.

XX ғ. басында Өскеменде бірнеше жекеменшік фотошеберхана жұмыс істеп тұрды. Сол кездерде түрлі хабарландырулар, Өскемен көріністерімен көркемделген ашық хаттар, мектеп дәптерлерін басып шығаратын С.А. Горловтың жекеменшік баспаханасы ашылды.

Қиян шеттегі шалғайда орналасқан шағын қалашықтың қоғамдық өмірі облыс орталықтарындағыдай белсенді емес, бейқамдықпен өтіп жатты. Қаланың қоғамдық өмірінің ағысына Покров ғибадатханасы, Троицк шіркеулері зор ықпал етті. Қалалықтар шіркеу жораларын атқару барысында дін қызметкерлерінің қабылдауында болатын.

Ахмет софы және Ранғұловтардың мұсылман мешіті Өскемендегі ең ежелгі дін орындарының бірі болып саналды. Мұражай деректері бойынша XIX ғ. соңы, XX ғ. басына дейінгі әртүрлі кезеңдерде Жүсіп Танабаевпен Габдулгаффар Шамсутдинов мешіт молдасы болды.

1902 жылдың қазан айында салтанатты түрде ашылған Халық Үйі – қаланың қоғамдық-мәдени өмірінің орталығына айналды. Жаңа мәдени-ағарту мекемесінің сахнасында қойылымдар мен концерттер беріліп, би және әдеби кештер ұйымдастырылды. Әсіресе, думан-шумен өткізілетін бал-маскарадтар қалалықтардың сүйікті мерекесіне айналды. Көрермендерді өткен ғасыр қойнауына жетелеп әкелетін Пушкин, Гете кітаптарына, «Нива», «Родина» журналдарынан алынған қойылымдардың 1902, 1904 жылдардағы билеттері өткен ғасырдағы қала тұрғындарының мәдени өмірінен хабар берумен аса қызықты болып саналады.

Өскеменде медициналық қызмет негізінен казактар мен әскерилерді ғана қамтыды. Миролюбов К.Н., Хохляков Н.А., Александров Н.К., Вистениус Г.А. – горнизонда әртүрлі кезеңде дәрігерлік қызмет атқарды. Тек 1884 жылы қала тұрғындары үшін жеті орындық дәрігерлік қабылдау орны ашылды. Қаладағы ең алғашқы дәріханаларды В.Л. Иньков Андреевская көшесінде ашты. Рецептер, медициналық таразы, дәрі-дәрмектердің құты-сауыттары, кітаптар мен құжаттар қаладағы медицинаның даму дәрежесін сипаттады.

Экспозицияның келесі бөлігі халыққа білім беру ісіне арналған. XX ғ. басында Өскеменде ұлдар мен қыздарды бөлек оқытатын 6 бастауыш мектеп болды. Ал, қаладағы ең ежелгі оқу орындарының бірі мешіт жанынан 1837-жылы ашылған мұсылман мектебі еді. Бастауыш мектепті аяқтаған соң ұлдар 1881 жылы ашылған 3 сыныптық қалалық училищеге түсіп оқуын жалғастыра алатын. 1886 жылы училищеге арнайы жаңа ғимарат салынды. 1912 жылы ерлер бастауыш мектебі ашылды. Ал, қыздар өз білімдерін тек, Мариинск училищесінің құрылысы аяқталған – 1907 жылдан бастап қана жалғастыра алды. 1914 жылы қалада алғашқы орта оқу орны - әйелдер гимназиясы ашылды. Гимназияның алғашқы түлектері 1917 жылы ұшырылды. Түлектердің фотосуреттері, үлгерім табелі, мақтау қағаздары, грамматика және сурет дәптерлері мен қолөнер үлгілері сияқты өткен ғасыр оқушысының жабдықтарын мұражайымыз ұқыптап сақтап келеді.

Экспозицияның қорытынды бөлімі - Өскемен қаласының XX ғасырдағы 1918 жылдан 1990 жылға дейінгі тарихына арналған. Экспозицияда Өскемен Депутаттар Кеңесінің қызметі туралы және Өскемен қалалық Кеңесін құру жайлы құжаттар қойылған. Экспозиция мағлұматтары Пармонов П.А., Карпенко В.С., Носиков Н.Т. сияқты қалалық атқару комитетінің төрағаларының қызметтері жайлы баяндайды. Экспозициядан, сондай-ақ, Өскемен қаласының 1970 және 1996 жылдардағы гербтерін көруге болады. Қаланың XX ғасырдағы келбетін экспозицияға қойылған фотосуреттер арқылы тамашалауға болады.

Өткен ғасырдың басында қала су тасқындарынан жиі зардап шекті. Қаланың орталық бөлігі 30-жылдардан бастап түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Осы кезеңде Покров ғибадатханасы қиратылды. 1940 ж. II жартысында, 1950ж. I жартысында қаланың құрылыс жұмыстары қауырт өсті. 1949 ж. қаланы өркендетудің бас жоспары бойынша қаланың екі ауданындағы аз қабатты үйлердің орнына бес қабатты үйлермен ауыстыру қолға алынды. Үлбінің арғы бетіндегі қала бөлігі ықшам аудандардың жобасы бойынша салына бастады. Жүргізілген құрылыс жұмыстарынан Ленинград сәулет мектебінің қолтаңбасы аңғарылады. Ленинградтық қолтаңба – қала келбетінің айрықша сипаттарының бірі болып есептеледі. Бұндай ерекшелік 60-жылдардың II жартысы мен 70-жылдардың бастапқы кезеңіндегі құрылыстарға тән болып келеді.

XX жүзжылдық қала үшін көпқабатты үйлердің пайда болуымен ерекшеленеді. Үлгі тұтарлық жобалар бойынша салынған «Стрелка» ықшам аудан Ертіс Жағалауларының көркін аша салынды.

Қаланың өркендеуі өндірістің қарқынды дамуымен тығыз байланысты жүзеге асты. Өскемен XX ғ. II жартысында түсті металлургия орталығына айналды. 1939 жылы қалада Өскемен СЭС-сының құрылысы басталды. Алайда құрылыс жұмыстары соғыс басталғандықтан тоқтап қалды. Су электр стансасының құрылысы 1949 жылы қайта жандандырылды. Өскемен СЭС-нің алғашқы агрегаты 1952 жылдың 20-желтоқсанында іске қосылды. ҰОС жылдарында Өскемен қаласына «Электроцинк» зауыты Орджоникидзе қаласынан көшіріліп әкелінді. Зауыт негізінде цинк зауытының іргетасы қаланды. 1947 жылдың қыркүйегінде КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен Өскеменде моноцитті концентраттарды қорытатын 2 «А» зауытының құрылысы басталды. 1949 жылдың 29 қазанында 2 «А» зауыты торий оксалаты деп аталатын алғашқы өнімін шығарды. Зауыт алғашында № 10 пошта жәшігі деп аталып, кейінірек Үлбі металлургиялық зауыты деп аталды.

Экспозициядан АҚ конденсатор зауытының, ТМК-ның, «Рассвет» тігін фабрикасының, Өскемен машина жасау зауытының іске қосылғанын баяндайтын фотосуреттер мен құжаттар орын алған. Өскеменде өндірістің қарқынды дамуы қаланың әлеуметтік жағдайының жақсаруына игі әсер етті. Экспозициядан орын алған фотосуреттер мен құжаттар қалада мәдениет ошақтарының пайда болуы жөнінде кинотеатрлар салынуы жайлы әңгімелейді. Ауруханалар мен емханалардың бой көтеріп, іске қосылуы да экспозиция назарынан тыс қалған жоқ. Экспозицияның біршама бөлігі қаладағы оқу ағарту, білім беру саласына арналған. Қаладағы мектеп оқушыларының оқулықтары, жазу үлгілері, жазу құрал-жабдықтарына да экспозициядан берілген. Қаланың өркендеуіне айтарлықтай үлес қосқан адамдарға «Өскемен қаласының Құрметті азаматы» атағын беру игі дәстүрге айналды. Экспозициядан орын алған «Қаланың Құрметті азаматтарының» фотосуреттерінен осы құрметті атақты иеленген кеншілерді, Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, ұстаздар мен дәрігерлерді, жазушыларды, мәдениет қайраткерлерін кездестіруге болады.