Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі

Шығыс Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында

Ұлы Отан соғысы жылдарында жауды талқандауға аянбастан шығысқазақстандықтар зор үлес қосты. Экспозицияның бастапқы бөлігі соғыстың басында қалыптасқан күрделі, қатерлі жағдайларды баяндайтын мағлұматтардан хабар береді. Петренко И.И., Трокин К.Я., Егоров И.П., Байділденов С., Берестов П.С., Сағитов Г., Соколов А.С. сынды жерлестеріміз басқыншылармен алғашқылардың қатарында шайқасып, фашистермен қоян-қолтық айқастарда көзсіз ерлік көрсетіп, табандылық таныта алды. Экспозицияда жаудың алғашқы соққысына төтеп беріп, ерлігі аңызға айналған Брест қамалында соғыстың бастапқы кезеңінде қолданыста болып, отанымызды қорғауға қатысқан қастерлі бұйымдар қойылған, олардың қатарында үш желілі Мосин автоматы.

Экспозицияның келесі бөлімі тыл гвардияшылары – кенші, кен байытушы сияқты біздің жерлестеріміздің еңбектегі ерен ерлігі туралы әңгімелейді. Соғыс жылдарында майдан шебінен шалғай орналасқан біздің өлкеде екі жүздіктер, үш жүздіктер, мыңдықтар қозғалысы кеңінен өрістеді. Экспозициялардың бірінде Лениногорск кен басқармасына қарасты Сокольный кенішінің бұрғылаушысы Г.Г. Хайдиннің өзінің жолын қуушы шәкірті А.П. Казаковамен бірге бейнеленген фотосуреті қойылған. Ерен еңбегімен даңқы шыққан стахановшы Г. Хайдин кен бұрғылау бойынша еңбек межесін 3600%-ға дейін орындаса, оның шәкірті А.Казакова өз межесін 2800%-ға орындады.

Соғыс жылдарында Ахметов, ағайынды Нефедовтер, Ұ.Тұтқышпаев, М.Тарнова, Е. Зуева сияқты жерлестеріміз еселі еңбегімен ел құрметіне бөленді. Шығыс Қазақстан-жау қол астында қалған жерлердің мекемелері мен халқын орналастырған негізгі аудандардың бірі болып саналады. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері де абыроймен иыққа түскен ауыр сынды көтере білді. Экспозициядан орын алған фотосуреттер мен құжаттар Үлбі, Шемонаиха МТС-ғы тракторшы қыз-келіншектердің, Зайсан облысының, Киров аудандары колхозшыларының екпінді еңбегі жайлы әңгімелейді. Шығыс Қазақстанның барлық қала-ауылдарымен елді мекендерінде қорғаныс қорына қаржы жинау қозғалысы өрістеді. Ұлы Отан соғысының майдандарында 182 604 шығысқазақстандық ерлікпен шайқасты. Экспозиция бөлімдеріндегі мағлұматтар мен құжаттар біздің жерлестеріміздің ең шешуші шайқастарына, атап айтқанда, Мәскеу үшін шайқастардың алдыңғы шебінде соғысқанын нанымды әңгімелейді. 8-гвардиялық дивизияның автоматшысы Төлеген Тоқтаровқа ерен ерлік үлгісін көрсеткені үшін қаза тапқан соң Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Залдың көрнекті, ортаңғы бөлігінде Алексин қаласының түбінде шайқасқан 238-атқыштар дивизиясының бөлімдері өрістеткен айқастың көрінісі бейнеленген шайқас алаңы келтірілген. Қазақстанда жасақталған 238-атқыштар дивизиясы Мәскеу түбіндегі ауыр шайқастардан соң, Ригаға дейін даңқты жауынгерлік жолын жалғастырады. 1941 жылдың күзінде дивизия Ока өзенінің бойында қорғаныс шайқастарын жүргізген болатын. Дивизия алаңында Мәскеуге апаратын оңтүстік-батыс бағыттағы жау жолына тосқауыл қою міндеті тұрды. 14 желтоқсанда дивизияның бөлімдері қосылуды жүзеге асырған соң, қарсы шабуылға шығу мүмкіндігіне ие болды. Кескілескен шайқастардан соң Мәскеуге шығатын қақпа деп есептелген Алексин қаласын 17 желтоқсанда жаудан азат етті. Мәскеу қаласын қорғауда көрсеткен ерлігі мен табандылығы үшін дивизияға 30-гвардиялық дивизия атағы берілді.

Сталинград шайқасында Қазақстанда жасақталған 38-атқыштар дивизиясы қатысты. Шешуші шайқастарды ұтымды жүргізіп, ерлікпен шайқасқаны үшін, 38-атқыштар дивизия атауы өзгертіліп 73-гвардиялық дивизия аталды. Экспозициядан Попов А.Г., Коваленко И.С., Красиков В.П., Баскаков М.А., Мусиев Ж., Кошкин А.С., Булатов А.Н. сияқты Сталинградтың қаһарман қорғаушылары туралы деректер орын алған. Ленинградқа арналған бөлімде Южаков М., Акпебаев З., Лоскутов Т.М., Митин Г.М., Уалханов А. ерліктері жайлы баяндалады.

Курск түбінде жерлесіміз – Кеңес Одағының батыры Х. Мұхамадиев жаудың сегіз танкісін құртып жіберіп және алпысқа жуық гитлершінің көзін жойып, ерен ерлігімен ерекшеленді.

Днепрді шабуылдап өту ұрыстарында 2 438 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Олардың 44-і шығысқазақстандық жерлестеріміз. Экспозициядан Колчин А.А., Сунтель И.И., Мыза В.И., Лут Н.Е., Логвин П.И., Топорков И.В. және т.б. қаһарман жерлестеріміздің фотосуреттері мен марапаттарын көруге болады.

Украина мен Днестр жағалауларын жаудан азат еткен ұрыстарды Қуанышев Д.К., Крахмаль А.С., Мехнин Ф.М., Одинцов М.Н., Имамбаев К. сияқты жерлестеріміз табандылық пен ерен ерліктерімен еркешеленді.

Николаев қаласын азат ету барысында қасықтай қаны қалғанша жаумен арпалысқан жерлесіміз Казаченко Н.И. есімін ерекше құрметпен атауға болады. Қара теңіз флоты жаяу әскерінің 384–айрықша батальоны шығарған 68 еріктілер десанты 2 тәулік бойы күші анағұрлым басым жаудың 18 шабуылына тойтарыс берді. Айқастың соңына қарай 12 ғана адам тірі қалды.

Шығыс Пруссия мен Германияның Прибалтика жерінде жүргізген ұрыстарында Даңқ орденінің барлық дәрежелерінің иегерлері Аубакиров М., Құсметов А. Кеңес Одағының Батырлары Рощин Л.М., Головченко В.Е., І. Айтықов, Кольцов П.Ф., Чернов А.И. сияқты қаһарман жерлестеріміздің өшпес ерлігі мен даңқы шықты. Батыр жауынгерлеріміздің фотосуреттері мен марапаттарын экспозициядан көруге болады.

Ұлы Отан соғысы кезінде 96 мыңнан астам жерлестеріміз ұрыс алаңдарында, госпитальдарда жарақат зардабынан қаза тапты, хабарсыз кетті.

Зал экспозицияларына жауынгер қаруларының бөлшектері, жаудан олжаланған қарулар, бас киімдер мен әскери киімдер, айырым белгілері, көптеген ордендер мен медальдар сияқты жауынгерлік марапаттар, жауынгерлер мен офицерлер қолданған бұйымдар қойылған.

Экспозицияның басым көпшілік бөлігінен плакаттар орын алған. Ұлы Отан соғысының тарихына арналған плакаттардың үлкен топтамасынан алынған 14 плакат экспозицияға енгізілді.

«Жауды аямай соққылап талқандайық!» - деген үндеу көтерген, қызыл, қара түстермен айшықты безендірілген плакат Ұлы Отан соғысының бастапқы кезеңінде жарық көрді. Қысқа, нұсқа мазмұнымен ел еңсесін көтеруге, жауынгерлерді рухтандыруға, өткір, келекелі суреттер мен басқыншыларды әжуәлауға бағытталған плакаттар – Ұлы Отан соғысының өзіндік жылнамасы болып қана қоймай, олар – халықтың жеңіске деген сенімінің, шексіз төзімінің айғағы ретінде қастерлі ескерткіш болып саналады.