Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі

«Катонқарағай туған өлкем – табиғаты аса көркем»

Туған өлкем, кіндік кескен жерім менің, қандай көркем ынтымақты елім менің – дегендей әр адамға өзінің туған жері ыстық. Мен Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы, Өрел ауылында туып, өстім. Катонқарағай ауданы Шығыс Қазақстан облысының солтүстік шығысында орналасқан табиғаты дайын, табиғи жаратылыстан туындаған таулардан, орман-көлдерден, өзінің биоерекшеліктерімен көздің жауын алатын табиғи объектілерден құралған.

Шөл даладан бастап, ну орман алқаптары, биік шыңдардағы альпы шалғындарымен мұздықтарға дейін созылған ландшафтты-климаттық аймақтардың біртұтас жиынтығы. Орманмен өзендерге, балықпен балға, емдік шөптерге туристердің көзін тартар табиғи естеліктерге бай бұл жердің анағұрлым аумағының табиғаты тұмса және экологиялық таза болып сақталынған. Қазақстанның Алтай аумағында ТМД елдерінің туристері көп жылдар бойында әртүрлі саяхат құруда, бұл альпы шыңдарын бағындыру және ат үстіндегі саяхаттар. Әсем табиғаттың таңқалдырғаны соншама, алғашқы зертеушілер оны Швейцарияның табиғатына теңеген екен.

Ауданымыздан Қалиқан Ысқақов, Оралхан Бөкеев, Әлібек Асқаров сынды жазушы ағаларымыздың қаламынан туындаған шығармалардың қай-қайсысын алсақта, көз алдымызға бүкіл Алтай өңірі өзінің ғажайып тұтас тұлғасымен, әсем табиғатының көрінісі тұра қалады.

Катонқарағай ауданы бойынша Өрел ауылының алатын орны ерекше. Себебі ерте кезде Өрел ауылы Оңтүстік Алтай мен Қатын жазығы, тағы басқа керуен жолдарының қиылысында орналасқан. Өрел ауылы арқылы Көкдаба, Аршаты, Қобда, Қытайға атпен өткен екен. Сол кездері Өрел, Шыңғыстай, Өрнек ауылдарында тыныштықты күзететін шекара комендатуралары болыпты. Қазіргі кезде Өрел шекара комендатурасы жұмысын жалғастырып келеді.

1874 жылы құрылған ұшы-қиыры жоқ Алтай тауының баурайы мен буырқанған Бұқтырма өзенінің жағасында орналасқан салқын самал лебімен, жұпар исі аңқыған шағын ауыл. Ауылдық округтегі халық саны 2004 адамды құрайды. Ауылды екіге бөліп, сылдарай аққан мөлдір Өрел өзені ағып жатыр. Туған ауылымның ерекшеліктеріне тоқталатын болсам, орта төрттік уақытының соңына дейін созылған көтерулер мен климаттың айтарлықтай суытуы Алтай және Сауырдың тау аңғарларында мұз басуды жеделдетті. Осы мұз басудың іздерін Оңтүстік Алтайда Өрел ауылының маңынан байқауға болады екен және тағы бір ерекшелік Алтай Тарбағатайы жоталарын ұшар биігіндегі тау бастарының тегістеліп жазыққа айналып кеткен телімдері – мезозой жазықтарына тән бірегей жер бедерінің түрі болып саналады. Ал бұл телімдерді теңіз деңгейінен 2600 метр биіктікте орналасқан Өрел ауылының Алтай тауының Бақанас өткелінен көруге болады. Мезозой «Динозаврлар дәуірі» болып есептелетін заман екенін ескере отырып, осы жерлермен динозаврлар жүріп өтуі мүмкін деген ойда қаламыз.

Ауылда табиғатты қызғыштай қорып, қызметтерін адал атқаратын мемлекеттік табиғи Ұлттық парк мекемесі жұмыс атқарады.

Табиғаттың бар байлығы осында жиналғандай. Аңқыған балқарағай, тіл үйірер жемістері қарақат, бүлдірген, көкбояу, таңқурай, шыршалар мен қайыңдар әр түрлі жұпар иісі аңқыған шөптер мен гүлдер, өте сирек кездесетін, жылдан жылға таралу аймағы азайып бара жатқан, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген өсімдік түрлері алтын тамыр, алтай рауғашы, марал тамыры кездеседі.

Марал тамыр (Rhapontіcum carthamoіdes) – күрделі гүлділер тұқымдасы, маралшөп туысына жататын көп жылдық өсімдік. Биіктігі 70-120 см. Тұқымынан көбейеді. Шілде-тамыз айларында гүлдеп, тамыз-қыркүйекте жеміс салады. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Бұғылар күз, көктемде бұл өсімдіктің тамырын тұяғымен қазып жейтін болғандықтан, оны «марал шөп», «марал тамыры» деп атап кеткен. Тамыры қысқа, ірілеу, шашақталған, гүлдері-көк, көкшіл түсті, шар тәрізді тостағанша құрып, сабақтың ұш жағында жеке-жеке орналасқан. Оны мақсыр деп те атайды. Халық ертеден бері «алтын тамыр», женьшень тәрізді әл беретін дәрі ретінде пайдаланған. Тамыры көлбеу өседі, көптеген қосымша тамырлары бар. Сабағы түзу, шағын сайлары бар, іші қуыс, сырты өрмекшінің торындай, үлпілдек болып келеді. Тамыр жапырақтары ірі, сағақтары ұзын, сабақ жапырақтары отырмалы, жоғарлаған сайын біртіндеп кішірейе береді. Жапырақтары қауырсын тәрізді тілімделген, шеттері ара тісті. Гүлдері көкшіл, шар тәрізді тостағанша жасап сабақтың жоғарғы жағына жеке-дара орналасқан. Тау етегіндегі көгалды жерлерде, орман шеттерінде өседі. Қазақстанда негізінен Шығыс Қазақстан, Талдықорған облыстарында өседі.

Жерінде самырсын, балқарағай, қарағай, шырша, қайың, мойыл, терек өседі. Жасыл кілем жабылған тауларында Қазақстан Республикасының нышанына айналған, Қазақстан Қызыл кітабына енген қар барысы қар ілбісі және жыртқыштар отрядының мысық тұқымдасына жататын аң - сабаншы (манул) кездеседі. Сабаншының дене мөлшері үй мысығындай, тұрқы 52-65 см, салмағы 4-5 кг. Үлпілдек жүні ашық сұр, қоңырқай түсті, арқасында көлденең жіңішке 6-7 қара жолағы болады. Құйрығы келте, арқасындағы 8 қара жолағы анық көрінеді. Құлақ қалқандары өте кішкентай, самайында шоқша сақалы бар. Шөл далада тіршілік етеді. Інін жартас арасына салады, ірі кеміргіштердің індерін де мекендейді. Жемін ымыртта, түнде аулайды. Сабаншының кәсіптік маңызы шамалы болғанымен ғылыми мәні құнды. Саны өте аз, сондықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген манул (сабаншы), арқарлар, таутекелер, аюлар, сілеусін, құну мекендейді.

Демалушылар қызметіне Өрел, Берел, Язевое, Ақмарал ауылдарында гидпен бірге салт атты және жаяу серуендер, халық қолөнері шеберлеріне бару ұсынылады. Олардың шеберханаларында Сіз ұнап қалған затты сатып алып, қазақтың ұлттық тағамдарының дәмін тата аласыз. Балық аулап, жидек, саңырауқұлақ, балқарағай иерумен айналысып, қазақ кілемдерін, алашаларын, ірімшігін, қымызын, қалай дайындайтынын көре аласыз.

Келешекте осы өңірлердің барлығында туризм саласы қолға алынады деген сөз бар, бәлкім олда өз уақыты келгенде жүзеге асатын болар.

Қаланың күйбең тірлігінен қол босай қалса, туған жерге жол тартқың келіп тұрады. Көзбен көріп, сөзбен жеткізе алмайтын, табиғатына көз тоймайтын, ауылымның көрікті көрінісі көңілге әркез зор қуаныш, туған жерге деген сағыныш сезімін ұялатады.

Назарбаев Бақытбек Бауржанұлы
«Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі»
табиғат және экологияны ғылыми-зерттеуді
қамтамасыз ету бөлімінің экологы.