Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі

Қалба және Тарбағатай жоталарын геологиялық тұрғыдан зерттеудің тарихы.

В.А. Обручев 1863 жылы 10 қазанда Волга жағалауындағы бұрынғы Тверь губерниясының Ржев үйезінде дүнеге келді. Оның әкесі Афанасий Васильевич те өз әкесі сияқты әскери адам болды. Әкесі Польшада қызмет атқарды. Қызмет бабындағы көші – қондарға байланысты А.А. Обручев бастабында отбасымен бірге Калиште, кейін Жмурин, Млавада, Брест, Родомда ең ақырында Владимир Афанасьевич реалдық училищеде оқып орта білім алған Вильнада тұрды. В.А. Обручевтің табиғат құбылыстарын білуге деген құштарлығы тым ерте, 6-7 жасынан анасының оған және ағасы екеуіне Майн Рид пен Фенимор Купердің, әсіресе Жюль Верннің алыс саяхаттар туралы қызықты шығармаларын оқып беретін сәби кезінен басталған болатын. Жас өрендерді беймәлім алыс жерлерге сапарлап шыққан ғалым-саяхатшылардың хауіп-қатерге толы ерлікке бергісіз тағдырлары аса еліктіруші еді. Анасы оқып берген хикаялар кішкентай Володяның бойында жаратылыстану ғылымының айтулы маманы болсам деген құштарлығының оянуына түрткі болды, ол дереу алыстағы адам аяғы баспаған бейтаныс жерлерге сапар шегіп, ондағы сирек тастар мен өсімдіктерді зерттеуге көңілі алып ұшатын. 1881 жылы реалдық училищені аяқтағандықтан В.А. Обручев үшін университетке түсуге жол жабық болды, олайда ол екі жоғары оқу орнында Петербург технологиялық институтты мен Петербург тау – кен институтарында бағын сынап қатал екшемдейтін емтихандарды тамаша тапсырып студент атанды. Бұл жолға оны географияға деген құштарлығы жетелеп әкелген болатын. Студенттік өмірдің алғашқы жылдарында алғашқы курстарда өткізілетін Тау-кен институтындағы сабақтарға көңілі толмаған ол студенттер мен оқытушылардың әжептәуір сұранысына ие болған өлеңдер мен әңгімелер жазуға ден қойды, өйткені алғашқы курстарда ол аса қызыға қоймайтын математика және техникалық пәндерге көп көңіл бөлініп оқытылатын. Тіпті қайсы бір кездері оқуды тастап, өмірін әдебиет саласына арнауға бел байлаған сәттерді де бастан кешті. Өмірлік жолын түпкілікті таңдауына үшінші курстың соңына қарай төртінші курста оқытылатын геодезиялық геология курсын жүргізетін И.В. Мушкетовпен танысуының зор ықпалы тиді. Аталған ұстаздан дәріс алған кезден бастап Обручев геолог болуға түпкілікті шешім қабылдады. Ол ұстазымен Азия геологиясын зерттегісі келетін арманымен бөлісті. Оның бұл тілегінің орындалуының сәті сол жылдың өзінде-ақ түсіп, Каспидің арғы бетіне теміржол салынатын жұмыстарымен тұспа-тұс келіп орайласа кетті.

В.А. Обручевке сол жаққа жолдама беріліп, оған Мушкетов облыстың жазық бөлігін зерттеу жұмыстарын жүргізуге ұсыныс жазды. Обручев Каспий облысының арғы бетіне үш рет саяхат жасады: бірінші ретте, 1886 жылдың күзінде, екіншісінде – 1887 жылдың күзінде және 1888 жылдың көктемінде сапарлап барып зерттеу жұмыстарымен шұғылданды. Ол жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша жазылған «Каспий арғы бетіндегі ойпат» деп аталатын 4 мақаласында зерттеу жұмыстары жалпылама қорытындыланып жарыққа шықты.

Каспий маңы өлкесінде жүргізген жұмыстары үшін ол Географиялық қоғамның күміс және алтын медальдармен марапатталды. Содан кейін ол (1888-1900) жылдар жүзінде Сібір және Азияға шығарылған экспедиция құрамына алынып сапарға аттанып кетті. Аталған жерлердің геологиясы бойынша жүргізген зерттеу жұмыстары жас ғалымды бірден ірі орыс саяхатшы ғалымдарының қатарына қосылуға ықпалын тигізді.

Ол 1901 жылдан бастап 1912 жылға дейін Томск технологиялық институтында тау-кен бөлімінің алғашқы деканы болып қызмет атқарды. 1918 жыл мен 1919 жылдар аралығында Симферопольдағы Таврия университетінің профессоры болды. Ал, 1921-1929 жылдарда Москва тау-кен академиясының профессоры. 1930 жылы Обручевтің бастамасы бойынша I Петрдің Геологиялық мұражайының негізінде Геологиялық институтты қалыптастыру жүзеге асырылды. 1930 жылдан бастап Обручев мәңгілік тоңды зерттеу жөніндегі Комиссияның төрағасы болып сайланды, ал 1939 жылдан бастап КСРО ҒА мәңгілік тоңдарды зерттеу институтының директоры болды. 1942-1946 жылдар аралығында КСРО Ғылым Академиясының геология-география ғылымдары Бөлімінің академик хатшысы. 1947 жылдан бастап КСРО Географиялық қоғамының құрметті президенті. Обручев Орыс Географиялық қоғамы мен Тарих ғылым Академиясының бірқатар марапаттарын иеленді. 1905 жылы Орталық Азияға шығарылған кезекті экспедицияның барысында Обручев Шығыс Қазақстанға келді. Осы сапарының барысында ол бүкіл Семей облысын солтүстік батыстан бастап оңтүстік шығыс алқаптарын басып өтіп Тарбағатай шоқыларын, Маңырақ жоталарын, Зайсан қазаншұңқыры мен Қара Ертіс атыраптарында болып зерттеу жұмыстарымен айналысты. Қалба жоталарын кесіп өткен кезде ол Қалба жоталарының геологиялық-географиялық құрылымдарына барынша қызығып назар аударды.

1911 жылдың маусым айында Өскеменге қайталап соғып, өз күнделігіне «бұл елді мекен қаладан гөрі орталық алаңында тас үйлер көптеп салынған үлкен селоға әлдеқайда ұқсайды», деген жазбаларды түсіреді. Осы сапарында ғалым Өскеменде саяси жер аударылып келген Е.П. Михаэлиспен танысады, ол жайлы да күнделігіндежазбалар қалтырады: «... Жер айдалу мерзімі аяқталған соң да ол сол кездері ешкімі де қалмаған Оралға қайтудан бас тартып Өскеменде қалада қалып, қаланың өзін-өзі басқару ісімен Сібір мерзімдік баспасөз істеріне белсене ат салысумен болды...», - деген естеліктерді жазады «... Мен әлі де сергек тың көрінетін қариямен жүздестім, кездесуіміз екі сағатқа созылды, - деп жазады ол соңғы кездесуі туралы».

Владимир Афанасьевич Қалба жоталарын және осында орналасқан кен орындарын зерртеумен шұғылданды. Ақ жол алқабында ол үш жүзден астам тау жыныстарының үлгісінен тұратын топтама жинақтап, топографиялық карта құрастырды, геология үшін қажетті материалдарды сұрыптады. Ақжал кентінің маңынан ол Бөке өзенінің аңғарларына барып Хотимскіні және ондағы екі кенішке шолу жасайды. Одан соң Қызылсу және Масағұл аңғарларындағы Қазған үңгір кеніштерінде зерттеу жұмысын жүргізеді. Қазған үңгір де ол неолит кезеңіне қатысты көне молалардың тастарынан ежелгі адамдар салған суреттерді байқайды. Осы жерден ғалым қатып қалған тау жыныстарын кварцты ұсатуға арналған ежелгі адамдардың қол диірмені тәрізді басқа да еңбек құралдарын табады. Өз саласы бойынша, геология тұрғысынан жүргізген зерттеулер барысында Обручев Қалба жоталарында археологтар үшін де маңызды болып саналатын тас ғасырында ежелгі адамдардың тұрағы болған орындардың баршылығын, оларды археологиялық тұрғыдан зерттеу қажеттілігін айтып тарихшылардың назарын аударды. Бұлардан басқа «Даубай», «Удалый», «Давноожидаемый», «Вознесенский» және т.б, бірқатар жерлерде жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде В.А. Обручев Алтай геологиясын неғұрлым тереңірек зерттеуге құлшыныс танытады. Ол Алтайды көне тау жүйесі ретінде қарастырып келген көзқарас қате пікір деген шешімге келді. Алтай тектоникасы мен сол тұстағы тай жоталарының бедері қатпарланып келмейтініне, керісінше олардың лықсыма, кесік сипатты болып келетініне назар аударды. Алтай тектоникасына қатысты пікірлерін ғалым 1915 ж жарыққа шыққан «Алтай этюдттері» деген мақаласында толық тұжырымдап жазды. Алтайды зерттеуге ғалымның 1914 жылғы және 1936 жылдардағы саяхаттары арналды. Көрнекті геологтың жасаған саяхаттарының барысында жүзеге асырылған зерттеу жұмыстары ғалымның 1948 ж жарық көрген «Менің Сібір бойынша жасаған саяхаттарым» деген кітабында толығымен баяндалып жазылды. Владимер Афанасьевич тамаша тағдыр иесі ретінде ұзақ та аса қызықты ғұмыр кешті. Ол 1956 жылы 19 мамырда 92 жасында дүние салды.

Обручтің есімімен Томск политехникалық университетінің ғылыми техникалық кітапханасы, Витим жоғары ағысындағы Туваның тау жоталары, Камчатка жағалауларына жақын жердегі Тынық мұхиттағы суасты шоқылар, Антарктидадағы шағын алқап пен, Байкалдың арғы бетіндегі көне вулкан, Моңғол Алтайындағы мұздық, Мұрғаб және Амудария өзендерінің аралығындағы алғаш рет Обручев сипаттап жазған жерлер аталады. Сонымен қатар Обручев есімі Иркутск, Москвадағы, Сант-Петербургтегі және Томск қалаларындағы бірқатар көшелерге берілген. Пирохлардың уронитерлі гидративтік түрі болып табылатын минерал талантты ғалымның құрметіне обручивит деп аталады. КСРО ҒА Сібір геологиясы бойынша атқарған үздік жұмыстары үшін 1939 ж В.А. Обручев ат. сыйлық тағайындалды.

Шығыс Қазақстан облыстық
тарихи-өлкетану мұражайының
табиғат пен экология бойынша
ғылыми-зерттеу жұмыстарын
қамтамасыз ету
бөлімінің меңгерушісі
Е.А. Қалижанов