Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі

Зергерлік өнер

Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы Қазақстандағы ең ежелгі мұражайлардың бірі болып саналады. Мұражай жергілікті ізденімпаз қауымның ерекше ықыласпен жинаған бірнеше сирек топтамаларының негізінде 1915 жылы Халық Үйінде ашылды. Мұражай қорында 140 мыңнан астам жәдігер сақталуда. Ғасырға жуық тарихында мұражай Кенді Алтайдың табиғаты мен көне замандардан осы кезге дейінгі тарихына қатысты ескерткіштердің сақтаушысына, тарих пен мәдениетке байланысты мәселелерді зерттеп насихаттайтын ірі орталыққа айналды.

Мұражай топтамаларын салалап-саралау барысында шығысқазақстандық шеберлердің металмен жұмыс істеу машығының жоғары дәрежеде болғаны, айрықша талғампаздықпен ерекшеленгені байқалады.

«Жігітке жеті өнер де аз», «Шебердің қолы ортақ» дегендей, кейінгі ұрпақтарына мирас еткен, сан ғасырлар бойы бүгінге дейін сақталып, қаймағы бұзылмай жеткен халқымыздың дәстүрлі қол өнер түрлері сан алуан. Солардың бірі — қиындығы «инемен құдық қазғандай», әрі ісмерлікпен қоса, асқан табандылықты, ыждақаттылықты қажет ететін - зергерлі өнері.

Жалпы зергерліктің түбірі «зер» парсының «алтын» деген сөзінен шыққан. Яғни, зергер сөзі кең мағынасында «алтынмен жұмыс істейтін шебер» деген ұғымды аңғартады. Ендеше зергердің қолынан шыққан бұйымның анау-мынау емес, нағыз «алтынмен апталып, күміспен күптелген» асыл дүниелер екендігінде дау жоқ.

Тарих беттерін парақтайтын болсақ қазақ жерінде зергерлік өнер - қола дәуірінен, сақ, үйсін, ғұн және түркі кезеңдерінен бастау алады. Бұны Берел, Шілікті, Зевакино қорымдарынан табылған жәдігерлер айғақтайды, зергерлік өнеріміздің тамыры тереңде жатқанын аңғартады. Зергерлік бұйымдарының семиотикалық құрылымының негізінде, ескі замандардағы магикалық діни негіз жатыр. Уақыт өте келе, көптеген магикалық мағыналы ұғымдар белгісі өзгеріп, жергілікті елдің айырмашылығын, жас мөлшерін көрсететін белгіге айналды. Зергерлік бұйымдар негізінен әдемілікке, келбеттің салтанатын арттыруға пайдалана бастады, дегенмен кейбір жекелеген әшекей бұйымдардың тылсым әсерлері туралы түсініктер ел есімінде әлі күнге дейін сақталып қалған.

Қазақ халқының зергерлік өнер ерекшелігі, олардың көшпелі өмір кешуіне байланысты. Ұсталар отырықшы аудандарда аула ішіне икемдеп алған шағын шеберханаларда жұмыс жасаған. Жаз мезгілінде ашық ауладағы қалқа ішінде жұмыс істеген. Қазақ ұғымында ұстахана қасиетті орын саналған. Бұл жерде бейәдет бейкүл сөйлеуге, айғайлауға, көрікпен құрал-саймандардың үстінен аттауға тыйым салынған. Қазақ арасында зергерлермен ұсталар ерекше қасиетке ие адамдар деген ұғым қалыптасқан. Осындай қасиетке ие шеберлер Шығыс Қазақстанда да көп. Солардың бірі - Рахымғали Ошақбаев. Рахымғали Ошақбаевтың қолыннан шыққан ат әбзелдері мен құрал- саймандарын оның ұлы Қадырхан Ошақбаев мұражай қорына табыстаса, белгілі зергер Нұрманбет Өтеуовтың қолынан тамған 77 зергерлік бұйымды мұражайға жұбайы табыстаған. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан зергерлерінің асыл туындалыры мұражай экспозициясының сәнін келтіріп тұр.

Зергерлермен ұсталардың шеберлік өнері ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, кәсіпке деген дарынының пайда болуы, ерекше құбылысқа теңелетін. Олардың құрал - саймандары да өзіндік ерекше болған. Құрал-саймандар негізінен темірден, кейде қоладан дайындаған. Металл өндеуші шеберлердің құрал-саймандарына қазақ халқы сақтықпен қараған. Ол заттардың емдеушілік және қорғайтын қасиетіне сенген. Қазақтарда ұста төсінің құпия күші туралы ертеден кележатқан наным бар. Төс - барлық өндіріс басының бастауы болғандықтан, үлкен қуат көзі боп саналған.

Қазақ халқының ұғымында ай сәулелі- Күміс ием, тазалық беретін қорғаушы күші бар деп саналған. Отбасылық береке, бақыт пен денсаулыққа оң әсер ететін қасиеті бар деп есептеген. Сондықтан тұрмыста пайдаланылатын ыдыс-аяқты, жиһазды, ат-әбзелдерін, сонымен қатар қазақи киім үлгілерін де күміспен көптеп әшекейлеген. Мысалы, зер шапан, оқалы камзол, кестелі кимешек, металл шытыралармен безендірілген кісе белбеу және т.б.

Зергерлік өнерінің шырқау шыңы – әшекей бұйымдар. Мұражай экспозициясында өлкеміздегі зергерлік өнердің аса көрнекті туындысы болып саналатын тұмарша-сырға ерекше көз тартады. Бұл сырға екі жапсарлас үшбұрыштар түрінде орындалған. Солардың әрқайсысы төрт жартылай асыл тастармен безендірілген. Үшбұрыштардың төменгі қырларына 66 көгілдір ақық қондырылып домалақ қырлы қызғылт әйнектермен безендірілген, 13 ілмелі салпыншақ шынжырлармен бекітілген. Сырғаның ұзындығы 16,5 см, салмағы 66 г. Бұндай тұмар-сырғалар бас киімнің астынан шашқа қыстырылатын болған, ол сәндік мақсатта ғана емес, қалыңдықты тіл-көзден, бәле-жаладан сақтайды деген наныммен сәукелеге тағылатын.

Тастар орнатылған әшекей бұйымдар әрқашан тартымды болған. Әшекейге орнатылған тастарды қазақ халқы көз- деген. Олай аталуы бекер емес, себебі әшекей бұйымдарға орнатылған тастардың адамды қорғайтын қасиеті бар деп саналатын. Ақық- ұшынған аурулардан қорғайды деп есептеген. Көгілдір ақық - бақыт, сәттілік әкелуімен қоса адам науқастанса қарайып кететін.

Осы экспозициядан көрермендер тағы бір тамаша зергерлік өнер туындысымен таныса алады.

XIXғ. II жартысында жасалған сәукелені безендіретін әшекейлердің жинағын, Шемонайха ауданының Первомайка кентінің тұрғыны Садықова Рәзия табыс етті. Әртүрлі пошымды кескін-қиықтарға қиғаш-шаршы, жапырақ түріндегі ұзын шынжырлармен бекітілетін 8 әшекейдің ішінде «үкіаяқтың» алатын орны ерекше. Үкіаяқ сәукеленің маңдайшасына тағылатын әшекейдің түрі. Кезінде үкіаяқ нағыз үкінің аяғына күміспен қапталып жасалатын болса, қазіргі таңда үкіаяқты қазіргі заманға лайықталып жасалған түрін тамашалап отырсыздар. Үкіаяқ тек сәндік мақсатта ғана емес, қалыңдықты тіл-көзден, бәле-жаладан сақтайды деген наныммен сәукелеге тағылатын.

Сонымен қатар зергерлік өнердің тамаша бір туындысы олар - білезіктер. Білезіктер әйел затының үнемі тастамай тағып жүретін әшекей бұйымының бірі. Білезік тақпаса әйел өзін жайсыз сезінетін болған. Қазақ ұғымында білезік пәле жаладан сақтайды, буын ауруынан қорғайды деген ұғым бар. Қазақ халқының дәстүрі бойынша әйел - қыздардың әшекей тақпай жүруі әдепсіздікке теңелетін. Тұрмыс құрмаған қыздар қолдарына сыңар білезік тақса, тұрмыс құрғаннан кейін әжелері «қосағыңмен қоса ағар» - деп қос білезік таққан. Білезіктің - құйма білезік, қос білезік, қуыс білезік, бес білезік, топсалы білезік, бұрама білезік, жалпақ білезік, сом білезік, жұмыр білезік, өбістірме білезік т.б. түрлері көп.

«Асың адал болсын десең, қолыңда күмістен жүзігің болсын» - деген нақыл сөз бар. Қазақ зергерлерінің өте көп жасайтын әшекейлерінің бірі - әйелдерге арналатын әр түрлі сақина мен жүзіктер. Сақинаны, көбінесе күмістен, кейде алтыннан жасататын. Сақинаның жасалуы жүзікке қарағанда оңай. Өйткені, оның сыртына шапқымен шекеу, бізбен безеу әдісімен орындалатын қарапайым ою-өрнектерден басқа ештеңе жүргізілмейді. Ал, жүзік жасау анағұрлым күрделі. Жүзіктің үстінгі бетіне әр түрлі асыл тастар орнатылады. Жүзіктің - құдағи жүзік, күмбезді жүзік, бағдарлы жүзік, шытырмалы жүзік және т.с.с түрлері бар.

«Зердің жайын зергер білер, аңнын жайын мерген білер» - дегендей зергерлік өнер тамырын тереңнен тартқан дәстүрлі мәдениеттің бір саласы. Ертеден кележатқан қастерлі кәсіп, «Ата өнері - балаға мұра» атадан балаға ауысып осы күнге дін аман жетті және сонымен қатар қазіргі таңда қазақ зергерлерінің қолынан шыққан туындылар бүткіл әлемді таңқалдыруда.

Ұлттық жадымыздың жақұтындай болған зергерлік бұйымдар халқымыздың қазыналық мұрасы болып қала береді деп үміт етеміз, және осы туындыларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу біздің борышымыз болып табылады.

Қазақтың дәстүрі бойынша күміс сақинасы мен білезігін келініне сыйлайтын, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келе жатқан әжелеріміз жайлы материал дайындамақ болып кейіпкер іздеуге кірістім. Бұл әрекетімнен түк шықпады. Бір адамды тапсам-шы. Маған осы дәстүрімізден қол үзіп алғанымыздай көрінді. Біреуі көзі тірісінде келініне көңілі толмай, қызына сыйласа, екіншісі сол күмістің қадірін білмей енесінің сыйлағанын жоғалтқан, дәлірек айтқанда, қайдағы бір «ескі-құсқыны» менсінбей күл-қоқысқа тастаған. Осының өзі-ақ ене мен келін арасындағы сыйластыққа байқаусызда сызат түскенін аңғартатындай.

Күміс білезікті бекерге таңдап отырған жоқпыз. Қасым Аман¬жоловтың әкесі Рақымжан да баласы өмірге келгенде оның кіндік шешесі Шәуияға күмістен қос білезік сыйға тартқан. Күміс – қазақ ұғымында тек сәндік әшекей ғана емес, оның қорғану, емдік қасиеттері зор болған.
Қолындағы күмістен соғылған білезігін ұлының алған жарына сыйлауы ененің келініне тапсырған аманаты. Менің жолымды жалғас¬тыр¬сын, отаудың түтіні түзу шықсын, осы білезік үзілмей қолдан-қолға өтіп, шаңырақ кеңейе берсін деген ырым. Енесінен сыйға алған білезікті келіні ертеңгі күні өзінің келініне сыйлауы шарт. Бұл дәстүрлер сабақтастығының бір белгісі. Қызына сыйласа, онда дәстүріміздің бұзылғаны. Себебі қыз – жатжұрттық. Қыздан туған бала қазақта немере емес, жиен болып есептеледі. Қанша жерден жақын тартқаныңмен қыздан туған жиеннің руы да, қаны да бөлек екені белгілі. Бұл қыздың баласы бала емес дегенді білдірмесе керек, де¬генмен қазақтың салт-дәстүрін аяқас¬ты етпей, жастарымыз біліп өскені абзал.
Жаңадан түскен келіннің алғашқы қадамы, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы тәжірибелі ененің көз алдында. Білмегенін қызындай көріп үйретіп, «жаманын жасырып, жақсысын асырып» отыратын ақ жаулықты аналарымыз азайып кеткендей. Ал ененің тілін таба білетін жас келіннен аналарымыз ештеңе аямайтыны бесенеден белгілі жайт. Оны ененің емеурінінен-ақ танисыз. Бір кездері көңіліне ұнаған, сенім артқан келінін қасына шақырып алып, сандығын ақтарып: «Мынаның бәрі сенікі. Осыны өлгенде өзіммен бірге көрге алып кетеді деймісің, тағып, жарқырап жүр, қарағым» деп, өмірі құлыпталып тұратын сандығынан алтын, күміс әшекейлі заттарды қызындай көріп кеткен келініне табыстаған әжелерді де көзіміз көрді.
Мұндай құндылыққа ие болған ақылды келін дәулет-дәрежесіне қара¬мас¬тан, енесінің аманатын өзінің қобди¬шасында сақтаған. Ендігі мақсаты – өзінің ізбасарына, өзінен туған баланың келіншегіне сыйлау. Оның ар¬тында барлық шаруаны, бала-шағаны саған сеніп тапсырдым деген ниет тұрады.
Ауыл-аймақта, жер-жерде осындай білезікке ие, ене мен келін арасын¬дағы әдемі бір сыйластыққа ұйыт¬қы болып, аманатты арқалап жүргендер табылып қалар. Күдер үзбейік.

Бағдагүл МҰРАТҚЫЗЫ

Белбеу — киім сыртынан буынуға арналған бұйым (ұзындығы 1,5—2 м). Белбеу атауы “бел” және “бау” сөздерінің қосылуынан пайда болған. Ол әр түрлі матадан немесе жұмсақ иленген жұқа жарғақтан, қайыстан, былғарыдан жасалады. Осыған орай жібек белбеу, қыжым белбеу, жарғақ белбеу, күдері белбеу, т.б. атала береді. Былғарының сыртын алтын, күміспен әшекейлеп жасаған белбеуді кісе деп те атайды;[1]

Белбеу[1] - арба, шананың тертесін ершіктің үстін баса көтеріп тұратын, бір басында тоғасы бар қайыс немесе құр. Оны кейде белқайыс дейді.

Белбеу түрлері:

Дембет белбеу – күмістелген, күміс жапқан белдік.

Күдері белбеу – жұмсақ иленген бұлан не бұғы терісінен жасалған белдік.

Кісе белбеу – адамның әлеуметтік дәрежесін танытатын сәндік белбеу. 2. қару-жарақ ілінетін белдіктің ең көне түрі.

Кемер белбеу – бетіне алтын не күмістен өрнекті жапсырма бекітілген, ішік, тон, шапан сыртынан буынатын жалпақ сәнді былғары белбеу.

Көнте – қон теріден жасалған қалың, жалпақ белдік.