Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі

Шығыс Қазақстанның археологиясы. Шығыс Қазақстан халқының қолданбалы-сәндік өнері

Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы Қазақстан мұражайларының ішінде археологиялық-ақпараттық топтамалар ең мол шоғырланған мұражайлардың бірі болып саналады. Мұражайдың археологиялық топтамалары С.С. Черников, Ф.Х. Арсланова, З.С. Самашев, А.А. Ткачев сынды танымал археологтардың және мұражай қызметкерлері жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде жиналып қалыптасты.

Мұражай экспозицияларынан өлкеміздің тарихынан неғұрлым татымды мағлұмат беріп әңгімелей алатын археологиялық олжалар орын алған.

Зал экспозициясы облыс аумағында орналасқан археологиялық ескерткіштердің түрлері туралы қысқаша дерек беретін археологиялық картамен және зерттеу жұмыстарының нәтижесі экспозициядағы барлық археологиялық кезеңдерді қамтуға мүмкіндік берген белгілі археологтармен танысудан басталады. Экспозициялардың көмегімен көрермендер шамамен 80 мың жыл бұрынғы адамдардың қолынан шыққан бұйымдармен таныса алады.

Өлкеміздің физикалық-географиялық ерекшеліктері облыс аумағында 140 мың жыл шамасында бұрын пайда болған ежелгі адамдардың тіршілік етуіне қолайлы жағдайды қалыптастырды. Ежелгі адамдар – мамонт, бизон, жүнді мүйізтұмсықтарды және мұз басу дәуірінің т.б. аңдарын аулайтын тас ғасырының аңшылары еді. Тас дәуірінен қалған ең елеулі ескерткіш - 1950- жылы С.С. Черниковтың экспедициясы тапқан кейінгі тас дәуіріндегі ежелгі адамдардың тұрағы. Экспедиция байқаған тұрақ сол кездері бүкіл Қазақстан аумағы бойынша ең көне тұрақ болатын. Үңгірден табылған призмалы шағын нуклеустер, пышақ тәріздес пластиналар, қырғыштар, сүйір ұштықтар, шойбалға сияқты тас құралдар кремнийлі қошқыл тақта тастардан жасалған. Тас құралдардан басқа үңгірден жабайы аң сүйектерінен істелген жабдықтар мен ұсақ-түйек заттар да кездеседі. Қазбаның мәдени қабатында жүнді мүйізтұмсықтың, мамонттың, үңгір қорқауының, бизонның т.б. сүйектері байқалды.

Тас өңдеу әдістері баяу, біртіндеп жетіле берді. Тасты жаңаша, жетілген машықпен өңдеу – адамдардың тіршілік салтына айтарлықтай өзгерістер енгізіп, олардың киімдері мен баспаналарының жақсаруына қол жеткізді.

Мал шаруашылығы мен жер өңдеу, аңшылық пен балық аулауды, терімшілікті ығыстырып, сәл кейінірек орныққан неолитке дейін адамзат өте ұзаққа созылған күрделі даму жолын басынан өткерді. Неолит экспозицияда ежелгі адамдар мекен еткен екі қоныстың қазба жұмыстарының олжалары арқылы көрсетілген. Мало-Красноярка ауылы маңындағы жаңа тас ғасырының қонысын ежелгі адамдар б.д.д. III мың жылдықтың I жартысында мекендегенін қоныстан табылған керамика сипаты, ең ежелгі жебе ұштары көне тұрпатты пышақ тәріздес пластиналар, қырғыштар, балталар, тескіштер, нуклеус және қыш ыдыстардың сынықтары айғақтайды. Қоныстан 200 ден астам бұйым табылды. Олардың неғұрлым маңызды болып саналатын түрлері экспозицияға қойылды.

Усть-Нарым қонысы жаңа тас ғасыры кезеңінің негізгі алынатын айтулы ескерткіштерінің бірі болып табылады. Жалпы ауданы 716м2 болып келетін неолиттің бұл қонысында ұзыншалау шаруашылық шұңқырлары, екі жерлеу орыны, жеңіл-желпі тұрақтардың қалдықтары мен қарапайым геометриялық сызықпен өрнектелген керамикалармен бірге көптеген тас және сүйек бұйымдар аршылды. Усть-Нарым топтамасы 16 мыңға жуық жабдықтардан және жабдық жасауға арналған дайындамалардың қалай орындалатынын, с.с. тас өңдеу әдістерін зерттеу үшін тамаша мағлұмат беретін жүздеген мың тас жаңқаларынан тұрады. Сол кезеңдегі тесу, қырнау, жарқаштау, сықпалы өңдеу машығы сияқты тас өңдеудің барлық тәсілдері қолданған өнім түрлері экспозициядан орын алды. Сондықтан да шыны сөрелердегі еңбек құралдарының алуан түрлі болып келуі кездейсоқ емес; Балталар, шаппашоттар, шотбалталар, пышақтар, қырғыштар, тескіштер, тегістеуіштер мен қопарғыштар, сықпалы өңдегіштер, жебе және қысқа сапты найза ұштары, жинамалы орақ сыналары. Жинамалы сүйек пышақ, сүйек тескіштер мен инелер – назар аударарлық бірегей бұйымдар болып саналады. Ғалымдардың пікірі бойынша Усть-Нарым қонысының жәдігерлері арқылы б.д.д. III ғ. II жартысындағы жергілікті бірегей мәдениетпен жан-жақты танысуға болады.

Өлкеміздегі қола дәуірі – қауымдық қатынастарға негізделген құрылыстың барынша өркендеген және құлдырай бастаған, қола бұйымдардың жаппай қолданыста болған уақыты. Шығыс Қазақстандағы қола дәуірі бірыңғай физикалық – географиялық ортада өсіп-өрбіген тайпалардың өзіндік ерекшеліктерімен айрықшалануы жүзеге асқан, біртұтас жергілікті тайпалардың топтануымен сипатталатын андронов мәдениеті деп аталатын кезеңмен тұспа-тұс келді. Экспозицияға қола дәуірі тайпаларының тіршілігін – негізгі кәсібі мен қол өнерін, діни ғұрыптарын жан-жақты сипаттайтын археолгиялық олжалар қойылып, Қанай, Трушниково, Мало-Красноярка қоныстарының; сондай-ақ Айыртау, Қанай, Трушниково, Зевакино молаларындағы қазба жұмыстарының олжалары көрсетілген. Қола дәуірінің нағыз өркендеген тұсында тайпалар кен өндірумен айналысты.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарының деректері бойынша Шығыс Қазақстан аумағында кен орындары мөлшермен б.д.д. XVII-XVI ғасырларда игеріле бастады. Қола ғасырына арналған шыны сөрелердің бірінде Қалба тауларындағы кен орындарының фотосуреттері, тау-кен ісінің жабдықтары, кен кесектері мен құймалары, тас құю қалыптары сияқты жәдігерлер қойылған. Келесі шыны сөрелерден кеншілердің, қолөнершілердің, малшылар мен егіншілердің кәсіптерінің өнімі болып саналатын жәдігерлерді көре аламыз. Олардың қатарында тамаша мүсінделген қола бұйымдар, найза және жебелердің қола ұштары, қола пышақтар мен жауынгерлік балталар, шаппашот, қашау, балық аулауға арналған қола күршектер, т.б. Бұлардың барлығы біздің өлкеде кеңінен таралған бұйымдар. Геометриялық өрнек салынған саз балшықтан жасалған тамаша ыдыстар – алғаш қалыптасып дами бастаған қол өнерінің өнімдері болып есептеледі. Қола дәуіріндегі әйелдер еңбегінің басты бір саласы – қыш ыдыстар жасау болды. Мата тоқудың да біршама дамығанын айғақтайтын олжалар да ұшырасады. Археологтар қола дәуірінің қоныстарынан сүйектен істелген көптеген еңбек құралдарын тапты. Олардың барлығы бұл кездері қолға үйретілген үй жануарларының сүйектерінен істелгенін ғалымдар анықтады. Пышақ, қанжарлардың жоғарғы бас жиектері мен саптарын сүйектен жасайтын болды. Сүйекті сондай-ақ тері өңдеумен қыш бұйымдарды жасағанда да қолданды. Егіншілікке сан алуан құрал-жабдықтар пайдаланылды; жер өңдеуге түрлі тесе, кетпендерді қолданса, өнімдерді іске асыру үшін жинамалы қола орақ, дән үккіштер, келсаптар қолданылды. Мало-Красноярка қонысынан саз балшықтан жасалған 365 шар табылды. С.С. Черников оларды болжауға арналған шаман бұымдары деп есептейді.

Қола дәуіріне қатысты топтамада ерекше қызықты бірегей бұйымдар бар. Олар – балдағының жоғарғы жиегі қошқар кейпінде орындалған және сабына ноқталы жылқы мүсіні орнатылған екі қола қанжар. Бұлар – Зевакино моласынан табылған олжа – мүліктер. Қола айна мен пышақтар, қайырма жиекті сырғалар, қоладан және әртүрлі тастардан тізілген моншақ, киім жапсырмалары да осы шыны сөреден орын алған.

Жапан түз, жазық далаларда ерте көшпелі қоғамның қалыптасуы әлем тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі болды. Көшпелі өмір салтына ауысу осы кезеңге дейін орнығып қалған шаруашылық түрін өзгерту ғана емес, қоғамдық даму барысына тұрмыс пен мәдениет мұраттарының өзіндік ерекшеліктері тән тарихи кезеңнің бастауы болып есептелді.

Б.д.д. I мыңжылдықта өлкеміздің жапан түздерінде көне жазба деректерде скиф, сақ, аримаспылар деген атаулармен белгілі болған тайпалар мекендеді. Олардың жазық далаларда көне салт аттылардың ұланғайыр мәдени ортасын қалыптастыра алғанын қорғандарда тұрғызылған жерлеу орындары мен тас молалардан табылған бейнелеу өнерінің ескерткіштері айғақтайды. Көне көшпенділер тек тамаша салтаттылар мен жүрек жұтқан жауынгерлер болып қана қоймай, олар өздерін нағыз талантты, шебер зергерлер ретінде де таныта білді. Теңдессіз сібірлік сақ аң үрдісінде орындалған қару-жарақ, ат әбзелдері, әшекей заттар, киім, ыдыс-аяқ сияқты сақ әлемінің көптеген бұйымдарын экспозицияларымыз арқылы тамашалауға болады.

Ерте темір ғасырының ең бастапқы кезеңі 1960-ж. С.С. Черников зерттеген б.д.д. VII-VI ғғ. Шілікті Алтын қорғанының кішірейтілген көшірме – үлгісі арқылы көрсетіледі.

Қорғанның кішірейтілген көшірмесі көне көшпенділердің жерлеу салтынан хабар берсе, ал табылған олжалар арқылы ежелгі зергерлердің таңғажайып шеберліктерімен таныса аламыз. Тарамдалған әсем мүйіздерімен әлемге әйгілі болған Шіліктінің алтын бұғысы - біздің мұражайдың айшықты белгісіне айналды.

Шілікті аңғарында 2003ж. № 1 қорғанда А. Төлеубаев жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде бірегей олжалар мол табылды: 358 алтын бұйымдардың ішінде арқар, қасқыр, бұғы, қыран – бүркіт, барыс бейнелері кездеседі. Сондай-ақ, осы жерден табылған 2000 нан астам алтын моншақтармен және алқалармен шапан, шекпендерді безендірген. Табылған олжалар Қазақстан аумағында «үшінші алтын адамның» болуы әбден мүмкін деген пікірге тиянақты негіз бола алады. Қазба жұмыстарының барысын экспозициялардан көруге болады. Бұл кезеңнің басым көпшілік бөлігі Берел моласының қазба жұмыстары арқылы көрсетілген. Бұл тарихи ескерткіш Ә. Марғұлан атындағы археологиялық Институтының З. Самашевтың басшылығымен жүргізілген экспедиция жұмыстарының нәтижесінде әлемге әйгілі болды. Археологтар көшпелі қоғамның бекзадалары жерленген орындарды және ежелгі көшпенділер өнеріне тән, теңдессіз талғампаздықпен әйгілі сібірлік сақ аңдар үрдісінде орындалған мәнерлі бұйымдарды зерттеді.

Қорған астында мәңгілік тоң қабаты қалыптасуына байланысты киім, ат әбзелдері, ағаштан жасалған заттар, ер тоқым, мата, ағаш ыдыстар, киіз бен былғарыдан істелген бұйымдар алғашқы қалпында сақталған. Бұл күндері Берел – Қазақстан аумағы бойынша органикалық заттары қаз-қалпында сақталған бірден-бір ескерткіш болып саналады. Қорған асты тоң қабатының қалыптасуы себепті және ақпараттық мәні жоғары археологиялық олжалары мол Берел қорғандары – ежелгі көшпенділер мәдениетіндегі ерен құбылыс бола отырып, сібірлік сақ аң үрдісі мен қазақ мәдениетінің сабақтас екеніне айқын көз жеткізуге мүмкіндік береді.

Бұдан соң көрермендер «мұртты қорғандар» деп аталатын бірегей археологиялық ескерткіштермен танысады. Айрықша құрылымына байланысты олар «мұртты қорғандар» деген атауды иеленді. «Мұртты қорғандарды» ең алғаш рет Ф.Х. Арсланова Зевакино моласының аумағында зерттеді. Қазба жұмысының нәтижесінде табылып, экспозициямыздан орын алған қару-жарақ, қыш ыдыстар сияқты мүліктерді Ф.Х. Арсланова зерттеді. Темір семсер, жинамалы белдік және 10 сүйек жапсырмасы бар садақ айрықша тамаша дүниелер болып саналады. Моладан табылған қыштың ерекшелігі сондай, олардың кей түрлері еш жерде кездескен емес. Зерттеушілер бұл ескерткіштерді III-V ғ. дүниелеріне жатқызады.

Айғақты деректер бойынша, біздің дәуіріміздің I мың жылдығының соңында Жоғары Ертіс бойында IX-X ғғ. ертедегі қимақ мемлекетінің құрамына кірген қимақ тайпалары мекендеді. Көптеген археологиялық зерттеулер көрсеткендей, бұл саяси бірлестіктің этникалық құрамы өте күрделі болып қалыптасқаны белгілі. Ф.Х. Арсланованың Зевакино моласында жүргізген қазба жұмыстары сол кезеңнің таңғажайып кешенін анықтады. Экспозициядан Зевакино моласының қол тимей сақталған 145 – қорғанының жаңғыртпасымен танысуға болады. Алтын жалатып күмістелген ат әбзелдері ішінде өсімдік өрнектермен безендірілген сүйек ауыздықты жүгендер жақсы сақталған. Қаңқадан қанатты айдаһар бейнесі және өсімдік-өрнектермен безендірілген жапсырмалары бар үш белдік табылды. Қылыш – таңғажайып олжа болды. Оның күміс балдақтары адам және құстар кескіні бейнеленген жапсырмалармен безендірілген қару жарақтар қатарында сүңгі ұштары, сауып қалдықтары, жебе ұштары мен садақ бастырмалары бар. Еңбек жабдықтарынан пышақ және екі балта шықты. Бас сүйекте тұйықталмаған сақина тәріздес сырға сақталған. Мамонова шеберханасында бас сүйектің жаңғыртпасы арқыла экспозицияға қойылған қимақ жауынгерінің бейнесі сомдалып шығарылды. Басқа шыны сөрелерге қимақтардың жерлеу орындарынан табылған еңбек құрал – жабдықтары, әшекейлер мен қару-жарақтар қойылған.

Осындағы жерлеу орындарының бірінен табылған руникалық жазуы бар күміс айна аса қызықты.

Орта ғасырлардағы көшпенділер мәдениетінің өркендеуі қимақтардың сомдау өнерінде көрініс береді. Экспозицияға тарихи, этнографиялық және көркемдік тұрғыдан аса жоғары бағаланған үш тас мүсіннен тұратын өнер туындылары қойылған.

Шығыс Қазақстанның көне тарихына арналған экспозиция бөлімдерінде көрермен Жоғары Ертіс бойының ежелгі тұрғындарының өнер туындылары арқылы олардың жан дүниесінің байлығы, рухани танымдары мен сезімдерінің қаншалықты құлашты болғанын пайымдай алады. Қазақ халқының көркем қолданбалы өнерді ұқсатудағы ежелгі дәстүрі ұрпақтан ұрпаққа беріліп, үздіксіз жалғасып келеді.

Зал экспозицияларында халықтың бейнелеу өнерінің барлық түрлерін қамтыған туындылары орын алған. Өнер туындыларын тамашалау арқылы тарихи-археологиялық шолу жүзеге асырылады. Осылайша өткенге шолу жасалып, шынайы өнер шеберлерінің шығармаларының көмегімен қазақтардың кәсіп мәдениетінің жоғары деңгейі, олардың өміршеңдігі-дәстүр жалғастығы мен өнер сабақтастығы паш етіледі.

Қазақтардың киіз кілем жасау өнерін шеберліктің шырқау шыңының айнасы деп айтуға әбден болады. Киіз кілемдерінің ең көп таралған түрлерінің бірі-сырмақтар. Экспозицияға ақ-қоңыр және түрлі-түсті бастырма құрама өрнек басылған сырмақтар қойылған. Мына бір сырмақ – құрама өрнек басылған ашық жарқын түсті болып келеді. Өрнектері көк және қызыл сәтеннен қиылып сары баумен ызылған. Сырмақты XX ғасырдың бастапқы кезеңінде, 1868 жылы И. Сылдырбаева деген ісмер адам басқан.

Шығыс Қазақстанның сырмақтары ұстамды, сұрғылт-қоңырқай реңкті болып келеді. Жіңішке қызыл түсті баулар киіздің қоңыр, ақ түстерімен әдемі үйлесе келе, сырмаққа ерекше нәзіктік силап, аса сәнді етіп көрсетеді. Шығыс Қазақстанның өрнектері киіздерде көбінесе өсімдік тәріздес өрнек болып қолданылады. Өрнектердің салынуына да өзіндік ерекшелік тән: Әдетте кілемнің орталық алаңқайына тұтастай тігінен түсірілген өсімдік сабағы біртіндеп тарамдала келе күрделілене сабақталып кетеді. Кілемнің аса ашық емес түстен ызылған әдіптері орталық алаңқайды жиектеп тұр. Әдіпті әдетте қостан тартып салады, кей жағдайларда жалғыз сым түрінде де ызылады. Өрнектері біртіндеп күрделілене келе бөлшектеніп барып мүйіз өрнекке ұласып кетеді. Бұйымды бояған соң, өңі жарқырап ашыла түскен.

Қазақстанның оңтүстік шығысы мен шығысы кестелеу дәстүрі кеңінен таралған аудандар болып саналады. Тұрмыста қолданылатын бұйымдарды – орамал жиектерін, көрпе - жастық тыстарын, төсек жапқыштарды, перделер мен шымылдықтарды сондай-ақ, көйлек, кеудеше-жеңсіздерді, белдемшелер мен бас киімдерді қазақтың ісмер қыз-келіншектері бар өнерін салып ерекше төзімділікпен кестелейтін.

Мұражай көрермені XIX ғасырдың II жартысында Тарбағатай ауданында өзіндік үрдіспен кестеленген сәнді, тамаша түскиізбен таныса алады. Түскиіздің ашық көк түсті негізін қара мақпалмен жиектеу арқылы қарама-қарсы түстерді сәтті шешімін тауып қолдануға байланысты негізгі реңктер сәнді үйлесіп тұр. Мақпалмен жиектелген шеткі қоршаудан тарамдалған күрделі өрнектер – қайталама жапырақтар мен бұталар көп күлтелі гүлдермен айқаса өріліп, алма-кезек шалып, ілмекті кестелеу әдісінің нәтижесінде өрнектер барынша айқын, нақты түсірілген. Өрнектердің тек жиектері ғана емес, кестелі түскиіздерде кейінірек қолданыла бастағандай, орталық алаңдары да кестеленген. Маржан моншақтармен шеккен өрнектер, күміс теңгелер мен жалт-жұлт етіп құбылып тұратын таналар, міндетті түрде тұс-тұстан бекітілген үкі мамықтары түскиізге айрықша қосымша сән беріп тұр.

Кестелі түскиіздермен бірге басқа да көптеген кестелі бұйымдар тұрмыс қажетіне жаратылып, киіз үйлерді салтанатпен безендіру мақсатында кеңінен қолданылды. Киіз үйдің ұқыпты қолмен жасалған қарапайым жасаулары адамдардың қиялына қанат бітіріп, күнделікті өмір барысында дәстүрлі серіктеріне айналып кетті.

Көшпелі ғұмыр салтын бастан өткере жүріп халық шеберлері ғасырлар бойы былғарыны көркем ұқсату дәстүрін қалыптастыра алды. Көші-қон кезінде жеңіл әрі мықты бұйым ретінде былғарыдан дайындалған бұйымдар қолайлы болумен қатар, айрықша ықшамдылығы үшін де жоғары бағаланды. Былғарыны ұқсатуды, оны кеңінен пайдалануды көшпелі өмір салтының өзі туындатты. Тері өңдеумен, былғары ұқсатумен әрбір отбасы айналысты. Былғарыдан киім, аяқ киім, жүген-ноқталар, азық-түлік сақталатын қаптар мен қоржындар, с.с. су, сүт, қымыз, шұбат құятын ыдыстар дайындалды.

Шыңғыстай болысының Аршаты ауылынан әкелінген былғары торсық XX ғ. II жартысында тігілген. Сырт пішіні ерекше – зәкір тәріздендіріп түйе терісінен тігілген торсық та сол ауылда қолданыста болған. Тұз тасуға арнап тігілген сөмке де Аршаты ауылындағы Өкішев деген шебердің қолынан шыққан. Дөңгеленген қосалқы түбі бар, ұзынша етіп пішілген 35х46см өлшемді қап тарамыспен тігілген. Сөмкенің бірдей өлшемді екі жағы ердің екі қапталына өңгерілетін болған. Бұйым XX ғасырдың бас кезінде тігілген.

Бұл күндері мүлде сирек ұшырасатын қаптың түрі – талыс мұражайға Марқакөл ауданының Қарой ауылынан әкелінді. Пішіні тік төртбұрыштанып келетін 25х33см өлшемді талыс жылқының бас терісінен тігілген. Аса мықты болып саналатын бұл бұйымға елік мүйізімен қысып өрнек салынған. XIX ғасырдың соңында жасалған талыс - ат әбделінің жабдықтарын сақтау үшін пайдаланылды.

Былғары белбеулер қазақтың ұлттық киімдерінің міндетті бір бөлігі болып саналады. Оқшантайлы ерлер белбеуі әдемілігімен қашан да көз тартатын сәнді болған. Тарихи-өлкетану мұражайының топтамаларында сәндік мақсаттағы және күнделікті өмір қажеттігінен туындаған арнайы қызмет атқаратын 7 белбеу бар. Олардың екеуі шыны сөреге қойылған. Оларға трапеция және алмұрт пішінді қалташалар жалғаса тігілген. Әр қалташаның ортасына қысып салынған өрнектер қалташалардың пішінін қайталап бедермен жүргізілген. Ал, тұтастай беті өсімдік тәріздес өрнектермен және геометриялық бұралаң сызықтармен безендірілген. Белбеулер қарапайым да ұстамды безендірілгеніне қарамастан аса сәнді болып шыққан.

Қазақтардың ежелден жылқыжанды халық екені белгілі. Көшпелі өмірдің сенімді серіктерін халық айрықша құрмет тұтып келді. Халық шеберлерінің жылқыға, мініс аттарына арнап жасаған бұйымдарына бар өнерін салып аямай жұмсауы да сол қастерлеп-қадір тұтудың белгісі. Өмілдірік, құйысқан, айыл, ер қапталдары, торалғы, жүген-тізгін сияқты ат әбделінің барлық жабдығы міндетті түрде ерекше ықыласпен ұқыпты безендірілетін. Аталған бұйымдардың барлығы экспозициялардан орын алған.

Арнайы маманданған ершілер иленген теріден шыбыртқы қамшы және дойыр қамшы түрлерін өре білді. А.Жетікбаев, К.Атығаев, Құмысқанов сынды шеберлер 3-4 қайыстан өрген қамшы – шыбыртқы қамшының, ал 16-24 қайыстан өрген қамшы – дойыр қамшының үлгілері бола алады.

Шығыс Қазақстан орман көмкерген нулы алқап болғандықтан, жергілікті қазақтардың ағаштан жасалған бұйымдары күнделікті тұрмыста кеңінен қолданып, ағашты көркем өңдеу әдістерін шебер игергені кездейсоқ емес. Жеңіл, берік ағаш түрлері тұрмыс қажетін өтейтін бұйымдарды жасауға аса қолайлы болды. Ағаштан ер қапталдары ойылып, киіз үй сүйектері – шаңырақ, есіктер, уық-кереге, сандық-жозылар, ыдыс-аяқ жиналып тұратын асадалдар т.б. жиһаз түрлері мен музыкалық аспаптар дайындалды.

Мұражай топтамаларында жергілікті шеберлердің қолдарынан шыққан ағаш ыдыстар көптеп саналады: Үлкенді-кішілі, түрлі ет табақтар, қымыз құятын тегене, құрт жасағанда пайдаланатын астаулар, сұйық дәмге арналған түрлі аяқтар (аяқ, шара, саптыаяқ). Қымыз ішуге қайың қабығынан арнайы жасалған тостағандар қолданылды. Түрі мен саптарының ұзындығы әртүрлі ожау-шөміштерді, келі- келсаптарды жергілікті шеберлер томар ағаштардан тұтас ойып алып жасайтын болған. Кесе, шара, тостаған сияқты ұсақ ыдыстарды тасымалдау үшін арнайы өрме қап түрі дайындалды. Бұқтырма болысының Жұлдыз ауылындағы Ұзақбаев Жанай деген шебердің қолынан шыққан тал қабығынан тоқылған шарбақты ыдыс көші-қон кезінде ыңғайлы, ықшам бұйым ретінде үлкен сұранысқа ие болды. Талдың 39 шыбығынан өрілген, сақина тәріздендіріп дөңгелене жасалған, биіктігі 24см, диаметрі 19 см болатын ыдыс түбіне қарай кеңейе түседі. Қақпағы да тал шыбықтарынан өрілген бұл ыдыс ерге мықтап бекітілетін болған.

Тұрмысқа қажетті ыдыстар дайындаумен бірге халық шеберлері ұлттық музыкалық аспаптарды да ерекше ықыласпен жасай білді. Қазақтың көне музыкалық аспаптарының ең ежелгі түрлерінің бірі – облыстық тарихи өлкетану мұражайының қорларында сақталған.

Ол – зал экспозициясынан орын алған Ермекбайдың қобызы. Қобыз Ұлан ауданының Екатериновка с-ның маңындағы үңгірден табылған. Ежелгі тұрғындардың айтысы бойынша ол, қазан төңкерісінен кейін жоғалып кеткен бақсының қобызы болса керек. Сол дүрбелең жылдары зиялы қауым ескіліктің қалдығымен белсенді күрес жүргізгені жасырын емес. Екатериновка с-ның тұрғыны Рахымжанова Мақпуза өзі тауып, 45 жыл бойы ұқыптап сақтаған бақсының теңдесіз асыл мұрасын тарихи өлкетану мұражайына сыйға тартты. Қылқобызды ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмыстары басталып кетті. Мұражай Ғылыми кеңесінің мүшесі, өлке тарихының айтулы білгірі Жаманбаев Құсайынның араласуымен бірқатар деректер анықталды. Ол облыстың Ұлан және Күршім аудандарының түгелге жуық ауылдарында болып үй басы бойынша іздеу жұмыстарын жүргізді. Ал, қазақ музыкалық аспаптарын салалап-саралауға еңбек сіңірген және халық ән-күй мұраларын жинақтап зерттеуші Б.Ш. Сарыбаев мұражай қобызына ғылыми тұрғыдан сараптама жасады. Оның анықтауы бойынша, Ермекбайдың қобызы – XIX ғасырдың II жартысында жасалған, қылқобыздың көне, бірегей түрлерінің бірі болып шықты.

Мұражай экспозицияларында тамашалауға қойылған топтама жәдігерлері айғақтап тұрғандай, Шығыс Қазақстанда сүйек пен мүйізге өрнек салу өнерінің кең қанат жайғаны байқалады. Катон-Қарағай ауданының Ново-Березовка және Қатон-Қарағай ауылдарынан әкелінген XIX ғасырдың II жартысында жасалған екі кереует айрықша қызығушылық туғызады. Кереуеттердің екеуі де Назаров Темірғали деген бір шебердің қолынан шыққандықтан, олардың бір-бірінен айырмашылығы шамалы. Ново-Березовкада қолданыста болған кереуетті мұражайға Жәкенов К. табыс етті. Кереует оған атасынан мұраға қалған, Керей руының белгілі Жастабы тұқымынан тарайтын атасына өз әкесі Мәметеков Жәкеден 1879-жылы мұраға қалса керек. Құндағы сәл дөңестеу болып келетін аласа ағаш кереует көші-қон кезінде оңай жиналып құруға лайықталып жасалған. Кереуеттің көрінеу бетіндегі трапеция тәріздес 14 жалпақ сүйек қабаты күрделі өсімдік өрнектермен бедерленген. Өрнектердің ішіндегі негізгі, көз тартатын кескін – жарып бейнеленген қызғалдақ көк түспен боялған.

Ыдыс-аяқ жиналып тұратын тік төртбұрышты топсалы асадал ойма өрнекті сүйек қабатымен бедерленген. Найманның тоғанас, түзей деген ұрпақтарының куәсі болған жиһаздың бүлінбеген бөлігінде өсімдік өрнектерінің сүйекпен ойылған бедерлері сақталып қалған. XIX ғасырдың II жартысында Қараөзекте (Ұлан ауданы) жасалған жиһаз – туысқандар арасында аса қастерленіп ұрпақтан ұрпаққа өткен. Мұражайға Ұлан ауданының Комсомол ауылының тұрғыны Мұқатаева Қания Құдысқызы табыс етті.

Мына бір кішкене ұршық та халық қол өнерінің туындылырының бірі болып саналады.

Трапеция тәріздес қосалқы ағаш түбі бар, биіктігі 6-12см болатын сүйек шақша XIXғ. соңы, XXғ. бастапқы кезінде жасалған көненің көзі.

Мұражай топтамаларын салалап-саралау барысында шығысқазақстандық шеберлердің металмен жұмыс істеу машығының жоғары дәрежеде болғаны, айрықша талғампаздықпен ерекшеленгені байқалады. Металл әсемдігін тамаша түйсіне отырып зергерлер әйелдердің әшекей бұйымдарын нәзік, көздің жауын алардай сұлу қылып сомдай білді. Сонымен бірге былғары белбеулерді, ат әбзелдерін де, ыдыс-аяқтар мен жиһаздарды және музыкалық аспаптарды да өзіндік нақышпен, біліктілікпен өңдеді. Бұйымды көркемдеп әрлеу барысында өлкеміздің барлық жерінің шеберлері әрлеу машығын жоғары деңгейде игеріп керту, ұрма нақыштау, ойма шекпелеу, қалыптау, ширату, таспалау, түйірлеу, бедерлеу, қарайту, алтындау әдістерін жаппай қолдана білді.

Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында XIXғ. соңы, XXғ. басында жасалған 156 сақтау бірлігі тіркелген. Олар 1976-1996 жылдары Катон-Қарағай, Больше-Нарым, Күршім, Зайсан, Тарбағатай, Ұлан аудандарының елді мекендеріндегі үй басын жеке-жеке аралап жүргізілген экспедиция жұмыстарының нәтижесінде жиналды.

Мұражай экспозицияларында XIXғ. соңында жасалған 17 пар сырға қойылған. Топтама ішінде өлкеміздегі зергерлік өнердің аса көрнекті туындысы болып саналатын тұмарша-сырға ерекше көз тартады. Бұл сырға екі жапсарлас көпжақты үшбұрыштар түрінде орындалған. Солардың әрқайсысына төрт жартылай асыл тастармен безендірілген қоспа жалғанған. Үшбұрыштардың төменгі қырларына 66 көгілдір ақық қондырылып домалақ қырлы қызғылт әйнектермен ширатпалы таспалармен белдеуленген 13 ілмелі салпыншақ шынжырлармен бекітілген. Сырғаның ұзындығы 16,5см, салмағы 66г. Бұндай тұмар-сырғалар бас киімнің астынан шашқа қыстырылатын болған. Тұмаршаны Ұлан ауданының Шымқора ауылының тұрғыны З.Иманбаева сыйға тартты.

Осы экспозициядан көрермендер тағы бір тамаша зергерлік өнер туындысымен таныса алады. XIXғ. II жартысында дайындалған сәукелені безендіретін әшекейлердің жинағын Шемонайха ауданының Первомайка кентінің тұрғыны Садықова Рәзия табыс етті. Әртүрлі пошымды кескін-қиықтарға шар, қиғаш-шаршы, жапырақ түріндегі ұзын шынжырлармен бекітілетін сегіз әшекейдің ішінде «үкіаяқтың» алатын орны ерекше. Тек сәндік мақсатта ғана емес, қалыңдықты тіл-көзден, бәле-жаладан сақтайды деген наныммен сәукелеге тағылатын үкіаяқтың негізін күміспен күптелген үкі тұяқтары құрайды.

Белбеулер – қазақ ұлттық киімінің айнымас бір бөлігі болып саналды. Әйелдердің былғары белбеулері әдетте жалпақ, қысқа болып келетін де, тоғалы ілгекпен бекітіліп асыл тастар қондырылған өрнекті оқалармен безендірілді. Дәулетті әйелдер інжу-маржанмен торланып кестеленген сәнді мақпал, порша, мәуіті белдіктер тақты. Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында әдемілігі көз сүріндіретін тамаша сомдалған белбеу сақталған. Зергер бойжеткеннің белбеуін XIXғ. соңында тізбектелген, тоғамен жалғасатын, топсалы бүтіндей 9 күміс құйма-қабаттан жасаған.

Экспозицияға ежелгі ер түрлері қойылған. Мамандардың пікірі бойынша, найман ері – ең әдемі ер болып саналды: шығысқазақстандық ерлердің алдыңғы және артқы қастары үлкенді-кішілі, түрлі-түсті тастар қондырылған күміс оқалы жолақтармен тұтастай тұмшаланып өсімдік тәрізді өрнектермен әсемделумен қатар, күміспен ойылған бұғы мүсіндерімен де безендірілді. Найман ерлерінің алдыңғы қасы әдеттегіден тыс аса жалпақ, әрі биік болып келуімен де еркшеленеді.

Барлық көркем өңделген металл бұйымдардан халық шеберлерінің теңдессіз талғампаздығы байқалады. Шеберлер бұйымды дайындау барысында оның затына және қолдану аясына байланысты көркемдеу сипатын үйлесімді, дәл таңдап әдемілеуді асқан шеберлікпен жүзеге асырды. Зат қасиетін ерекше сұңғылалықпен түйсініп дайындау машығын біліктілікпен қапысыз меңгерген қазақ зергерлерінің он төрт ғасыр бойы өзгеріссіз сақталған өнер үрдісіндегі өзіндік қолтаңбасына таң қалмасқа болмайды.

Үнемі көшіп-қонып жүрген өлкеміздің жұртшылығы табиғатпен бітеқайнаса араласып кетті. Олардың жаратылысты ерекше сезімталдықпен қабылдай алатын табиғатжанды дархан болмысы ұрпақтан ұрпаққа беріліп ежелгі мәдениеті мен дәстүрлерінің ажырамас бөлігіне айналып халық өнерінде жарқырап көрініс тапты.