Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі

Шығыс жері Абай, Шәкәрім, Мұхтар сияқты ұлыларымызды дүниеге әкелген қасиетті жер.

Осы өңірде туып өскен Алаш арысы ұлы ғұлама ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына биыл 160 жыл. Осы орайда Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Абай, Шәкәрім, Мұхтарға тұрақты экспозиция ашылды және Шәкәрімнің шығармашылығына арналған «Ұлы даланың дана ойшылы» атты жылжымалы көрме ұйымдастырылды. Жыл көлемінде музейде Шәкәрім мұрасына арналған конференциялар, мектеп оқушыларының арасында «Шәкәрім мұрасы ұрпаққа аманат» атты ақын өлеңдерінен мәнерлеп оқу сайысы өткізіледі және «Дана сөздің дарасы», «Дала данышпаны» атты музей сабақтары мен патриоттық тәлім-тәрбие беретін тақырыптық экскурсиялар жүргізілуде.

«Ұлы даланың дана ойшылы» көрмесіне келетін болсақ, бұл көрме архивтік құжат көшірмелері және ақын өмірінің сан қырлы кезеңін көрсететін фото-суреттермен шығармашылығы қамтылған.

Көрменің алғашқы бөлімі: ақынның туған жері, өскен ортасына арналады. Шәкәрім Семей уезі, Шыңғыс болысына қарасты «Кеңбұлақ» жайлауында 1858 жылы 24 шілдеде дүниеге келген. Әкесі Құдайберді тобықты руын билеген, бір кезде аға сұлтан болған, Құнанбай қажының баласы, ұлы ақын Абайдың ағасы. Шешесі Қаракесек руынан шыққан Алдаберген есімді кісінің қызы – Төлебике. Бала Шәкәрімнің дарындылығы 3-4 жасынан байқалады. Сол себепті әкесі оны 5 жасынан аул молдасына оқуға береді.

Көрмеде ХХ ғ. Бас кезіндегі балаларға арналған «Араб тілінің грамматикасы», «Намаз шарттары», түрікше жазылған кітаптардың көшірмесі көрсетілген. Шәкәрімнің әкесі 7жасында қайтыс болады да, ағасы Абай қарамағына алып, тәрбиелейді, яғни тәлімгерлері Құнанбайдай, Абайдай дара тұлғалар. Жігіт Шәкәрім 1878 жылдары ел басқарып, болыс болып сайланады.

Шәкәрім ел басқару ісіне еріксіз араласқанын, өмірінің өкінішті бір кезеңі деп біледі, «Жиырма мен қырықтың арасы: жас өмірдің сорасы, бос өткенін қарашы» - деп налиды.

Шәкәрім жас кезінде философия немесе жаратылыстану ғылымдары бойынша арнгайы білім алған жоқ. Бірақ ол Абайдың жетекшілігімен білімге, өлеңге, ғылымға қатты көңіл аударып, ізденіс жолына түседі. Шәкәрім ғылымның әртүрлі саласын меңгерді. «Негізгі алған білімім болмаса да, өзбетімен ізденіп өткен жазушы, ғалымдардың жазғандарын оқып, ойларымен танысып, білгендерін сұрап, өз оймнан құрап, түрлі әңгімелер жазып, барлық өмірімді жазумен өткіздім. Осы жасқа келгенде оңаша жатып басқа келген ойлардың барлығын қағазға түсіріп кеттім» - деп еске алады Шәкәрім. 1927 жылы «Үш анық» атты философиялық еңбегін аяқтады. Бұл еңбекті Шәкәрім 40 жасқа келгеннен бастап,оны аяқтауға 30жыл ізденді. Бұл ізденіс әлемнің бай және құнарлы кітапханаларында асыл мұраларды оқудың нәтижесі болды. Шәкәрім Семей, Стамбул, Мекке-Медине, Париж және т.б. қалалардағы кітапханаларда Шығыс және Батыс философтарының ғылыми трактаттарымен терең танысып, «Жасымнан жетік білдім түрік тілін» деген Шәкәрім кейін араб, парсы және орыс тілін меңгеріп алған. Сөйтіп төрт халықтың тілін жетік білген ақын шығыс және орыс әдебиеті классиктерінің шығармаларын түп нұсқасы бойынша қазақ тіліне емін-еркін аударған. Көрменің келесі бір бөлімінде А.С.Пушкиннің «Дубровскийі», Л.Толстойдың «Криз патшасы», Америкадағы құл иелену озбырлығы туралы жазған «Хижина дяди Тома» романын «Том ағайдың балағаны» деп атап, көркем қара сөздермен аударған. Шәкәрім көркем шығарманы басқа тілден аудару мәселесіне аса жауаппен қараған жазушы. Аударма жұмысын өмірінің ақырғы кезеңіне дейін қол үзбеген.

1911жылы Орынборда «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атпен кітабы шығады. Шәкәрім тарих ғылымы мен шежірені жасынан жанындай сүйген адам.

Ол бір әңгімесінде «Абай қазақ шежіресін жаз деп, он тоғыз жасымнан қазақ шежіресін жинай бастадым» - дейді. Ұстазы Абайдың қазақтың қайдан шыққанын ғылымдық жолмен тексеруді Ш.Құдайбердиевке тапсырған.

Шәкәрім шежіресінің басты ойы қазақтың шығу тегі, таралу аймағы.

Ол «Қазақтардың шығу тегі, нәсіліарабтардан емес, түп төркіні түркі әлемінде жатқанын ғылыми дәлелдеді, нақтылы тарихи деректерр көзімен ашып көрсеткен.

Ұлт зиялылары Шәкәрімді сол кездің өзінде-ақ пір тұтқан. 1914жылы Әлихан Бөкейханов «Қалқаман-Мамыр» поэмасына «Түрік қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты кітабына пікір(рецензия) жазған. Яғни оның шығармасы ХХ ғасыр басындағы оқыған көзі ашық жандарды қызықтыра бастаған. Шәкәрім қажы «Сарыарқы», «Қазақ» газеттері мен «Айқап» журналдарына өзін толғандырған әр түрлі өткір мәселелерді қозғап мақалалар жариялап тұрған.

1888 жылы жазылған «Қалқаман-Мамыр», 1891 жылы жазылған «Еңлік-Кебек» атты тарихи дастандары 1912 жылы Семейде басылып шықты. Бұл шығармаларының негізгі арқауы махаббат трагедиясы, тарихта болған уақиға негізінде жазылған. Шәкәрімнің ән мұрасына келетін болсақ, тұңғыш әндер жинағы «Аманат» деген атпен 1989 жылы Алматыда «Өнер» баспасынан жарық көреді. Жастайынан музыкаға құмар Шәкәрім домбыра, скрипка, гармонда ойнай білген. Ол жиырмадан астам ән шығарған, өзінің өлеңдеріне музыка жазып, шығыс нота үлгісіне түсірген. Шәкәрім әндері бүгінігі күнге ұлы Ахат арқылы жеткен. «Аманат» жинағына енген Шәкәрім әндері: «Жастық», «Шын сырым», «Ажалсыз әскер», «Насихат», «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», «Қорқыт, Қожа, Хафиз түсіме енді», «Анадан алғаш туғанда», «Сұраған жанға сәлем айт» т.б. әндері болып табылады.

Осындай ақынның асыл мұралары көрменің негізгі тақырыбына арқау болды. Көрмеде 1928 жылы қыркүйек айында шыққан «ірі байлар халықты бұрын қанап зорлық-зомбылық көрсетіп, байыған ақсүйек, шонжарлар кәмпескеленсін» деген үкімет қаулысының көшірмесі көрсетілген. Қазақтың бес жүз бай феодалдарының мал-мүліктерін кәмпескелеу» туралы осы декрет елімізді орны толмас демографиялық дағдарысқа ұрындырады деп кім ойлаған!? Солардың ішінде Құнанбай әулетінен шыққан Тұрағұл Абайұлы туған жерімен қоштасады. Ол осы жылдардың қараша айында отбасымен Шымкентке жер аударылады.

1930 жылдан бастап ақынның өмірі аса бір ауыр халде, қайғы-қасіретпен өтті. 1930 жылы бірінші сәуірде ең алдымен Шәкәрімнің үлкен баласы Ғафурды кәмпескелеп, Баязит деген баласымен бірге айдап апарып, Семей түрмесіне жабады. Ақпанның жетісі күні Шәкәрімнің өзін кәмпескелеп қамауға алады. Түрмеде тергеусіз жатқан Ғафур өзін-өзі өлтіреді. Шәкәрім басына түске қайғы-қасірет бұлты онан сайын қалыңдай түседі. Ғафурдан кейінгі баласы Ахат та сол жылы сотталып, Семей түрмесіне жабылады. Ақын өмірінің соңғы жылдары елден жырақ кетіп, мәңгі өлмес туындыларын, тарихи-философиялық, поэзиялық шығармаларын дүниеге келтіруге арқау болған киелі жер ол - «Саят қора».

Шәкәрім ел ішінен оңаша кетуінің себебін өзінің өлеңдерінде ашық айтқан.

Мен кеттім, сендер елде қойдың қалып,

Ешкімнің кеткенім жоқ малын алып,

Елу бес жыл жинаған қазынамды

Оңашада қорытам ойға салып, - дей келіп, тау арасында, ой құшағында жалғыз ғұмып кешті.

Ойшыл ғалымның құнды еңбектерін зерттеп, жинап, баспаға шығарушы және күні бүгінге жеткізуші ұлы – Ахат Шәкәрімұлы.

Ақын өз еңбектерінде жастарды адамгершілікке, адалдыққа, татулыққа, еңбексүйгіштікке, өнер-білімге үндейді. Сол кездегі ел ішіндегі бүлікшілдікке бұл кісінің ешқандай қатысы жоқ еді. Өйткені күш көрсету, зорлыққа жаны қас. Бірақ та 1931 жылы 2 қазанда Шәкәрім 73 жасында жазықсыз оққа ұшып, қызыл империяның қара жүрек қанды қол жендеттерінің қолынан қаза табады.

1958 жылы СССР Бас прокуроры Шәкәрімнің ақталғаны жайында құжатқа қол қояды.

1988 жылы 14 сәуір Қ.Р.Орталық комитеті Шәкәрім Құдайбердіұлын толықтай ақтау туралы шешім қабылдады.

Қазақ халқының ұлы перзенті, аяулы есімдер қатарынан ойып орын алатын Шәкәрімнің есімі мәңгілікке ұмытылмақ емес.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлыларымыздың есімдерін ұлықтап, соңынан қалған асыл мұраларын насихаттау арқылы өсіп келе жатқан жас ұрпақты, елін, жерін сүйетін, рухы мықты жас ұрпақ тәрбиелеу басты мақсатымыз болып табылады.