Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі

Керей Ер Жәнібек Бердәулетұлы
(1714-1792)

Ер Жәнібек Бердәулетұлы Абылай хан дәуірінде орта жүздің Керей ұлысынан шыққан әйгілі батыр. Қазақ елінің азаттығы мен тәуелсіздігі жолында, XVIII ғасырда жоңғар басқыншаларына қарсы шайқаста аты шыққан Абылайхан мен Қаракерей Қабанбай батыр бастаған қазақ қолының алғы шебінде жүрген айбынды батырдың бірі. Шыққан тегі – Орта жүзі Керейдің Жантекей руынан шыққан.

Тарихи зерттеулерге қарағанда Жәнібектің екі нағашы жұрты бар екен. Өзінің туған анасы атақты Қаракерей Қожағұлбатырдың қызы Меруерт болса, жастайынан аналық мейірімін арқалап, бауырына құшқан анасы Үйсінің әрі

батыры, әрі биі Досымбектің қызы Қадиша. Ер Жәнібектің әкесі Бердәулет шағын дәулетті біртоға мінезді адам екен. Оның екінші жұбайы Қаздауысты Қазыбектің жақын қарындасы.

Жәнібектің атының қалай қойылғанына келетін болсақ, көп жылдар бойы бір перзентке зәру болған Бердәулет әулетіне ұл келеді. Нәрестеге ат қою өзіндік аумақты әңгімеге айналған. Бір жорықтан қайтқан Шақшақ Жәнібек батырға Бердәулет әдейі барып: «Батыр өзіңізді ырымдап, балама ат қойдырайын деп келдім» дейді. Шақшақ Жәнібек келіп, бесіктегі баланы көріп, көңілі толады да, өз атын қояды. Бұл туралы «Ер Жәнібек» жырында:

Бөбекті қолына алды Жәнібек қарт

Жиенге ат қоятын жөнім-ақ деп

Мүшесі толық екен айтағысы

Тұр екен батырлыққа келіп-ақ деп

Бесігін көргенімде көңлім толды

Қояйын өз атымды Жәнібек,-деп бұдан кейін батыр жас Жәнібекке бата берді.

Ер Жәнібек жастайынан батыл да батыр тұлғасымен көп көзіне шалынады. Әрқашан әке балаға сыншы емес пе, Жәнібектің әкесі Бердәулет біртоға мінезді байсалды, ақылды, сөз қадірін жақсы түсінетін адам болған. Сергек сезгіш әке, баласын Жәнібектің батыр боларын бала кезінен сынап білген. Себебі, Жәнібек бала кезінде батыр тұлғалы, бірбеткей, қайратты, алған бетінен қайтпайтын қайсар, отты да, өткір көзді, тура мінезді болған. Әкесі бозбала жігіт Жәнібекті батаңды бер деп атын қойған Шақшақ Жәнібекке алып барады. Баланың бітіс тұлғасы, өр мінезіне сүйсінген Шақшақ Жәнібек оны жылқы ішіне алып барып, Көкбурыл деген асау тайға бұғаулық тастатады – «Балам түр-тұлғаңмен мінезің келісті жаратылыпты». Енді жылқының жүзін алма, бірін ал. Жақсы ат ер азаматты жауға тастамайды. Жолдастың мыңын алма, бірін ал, мың қолды бір ер бастайды – деп ақ батасын беріпті. Сол Шақшақ Жәнібек өзімен бірге бала Жәнібекті жорыққа ертіп жүріп, ерлікке тәрбиелепті. Сол үшін Ер Жәнібек Шақшақ Жәнібекті өмір бойы өкіл әке атап кетіпті.

Шақшақ Жәнібек ат қылып мін деген Көкбурыл тай дөнен шыққан жылы қазақ пен жоңғар қалмақтарының қанды айқасы болады. Осы жойқын ұрыста жаумен ерекше ерлікпен айқасып жаумен ерекше ерлікпен айқасып жүрген Жәнібектің көзі Абылайдың аты болдырып, жау қолына түскелі тұрғанын көреді. Ол бірнеше қалмақты Абылайға жуытпай, жаяу қалған Абылайға астындағы көк дөненін көлденең тартып, «сіз тездетіп мынаған мініңіз» дейді. Сонда Абылай «қарағым – ай, өзің қайтесің» дегенде Жәнібек: «Сіз қол бастаған батырсыз. Басшы өлсе, қолдан береке кетеді, мен көптің бірімін, мен өлсем қазақтан мен сияқты бір ұл туар» - деп Абылайды бір ажалдан құтқарады. Ұрыс жеңіспен аяқталған соң өзін жаудан құтқарған Абақ Керейдегі момын шаруа Бердәулеттің баласы Жәнібек екенін біліп, оны өзіне шақырып алып, батырлығына тәнті болған Абылай жас Жәнібектің үш тілегін орындайды. Бірінші тілегі бойынша хан оң тізесінен орын береді. «Керей биі бүгіннен бастап өзіңсің және бүгіннен бастап Ер Жәнібек аталатын боласың» дейді. Екіншісі, Керей қолын бөлектеп, сарбаздарын сапқа тұрғызады. Үшінші тілегі үшін Керейдің ақ туын белгілеп береді. Осы айтулы оқиғадан соң Керей Жәнібек, Ер Жәнібек атанып бақыты өрлей береді.

Жоңғар қалмақтарымен шайқаста Ер Жәнібектің ерлік істерін баяндайтын аңыз-әңгімелер, деректер өте көп. Жәнібек туралы айтылатын аңыздардың бірінде кеудесіне өрмелеп шыққан жыланның басын тісімен қыршып алып, бүркіп тастағаны сөз болады. Сонда Жәнібек: «Әйттеген-ай жыланның басын жұта салуым керек еді, батырлық ұрпағыма дарымай өзіммен ғана кетер ме екен» деп армандапты делінеді.

Батырдың ұрпақтарына келетін болсақ, Жәнібектің өз кіндігінен: Ноғай, Балжан, Бәйтік атты үш ұл, Айман атты жалғыз қызы болған. Батырдың кейінгі ұрпақтрынан ел көзіне ерекше түсетін батырлар шықпағанымен басын игісі келмейтін жау жүректер көп болған. Сондықтан ба олар үнемі қуғын-сүргін, қудалауға ұшырап отырған.

Абылай хан өз тұсында ақыл-айла жағынан қытай мен орысты қатарынан ұстау арқылы қазақ жерін қорғаудың әр түрлі амал шараларын қарастыра білген. Ал Жәнібек батыр да қазақ жерінің шығыс қақпасын жаудан қорғау жолында орасан еңбек сіңірген. Әсіресе, орыс, моңғол, қытай сынды үш бірдей ірі жаудың көзіне сүйелдей қадалып, елін, жерін қорғауы ерен ерлік еді. Ендігі жерде Абылай есімі қалай асқақтаса, Жәнібек те солай ауызға алына бастайды. Жәнібек туралы аңғыз-әңгіме, қисса-дастандардың ішінде Абылайсыз сөз сөйлемейтін бірде-біреуі жоқ. Қабанбай, Бөгенбай, Алтыбай, Ақтанберді, Еспенбет, Матай, Шөңкей, Басентин Малайсары есімдерімен Ер Жәнібек есімі де жиі ауызға алынады. Соның ішінде Қабанбайға хан батыр, дарабоз деген ұлағатты аттар берілген секілді, Жәнібек есімінің алдына Ер атауының қосылуы да жайдан-жай емес.

Әсіресе, Қабанбай батырдың керейлер қолында өсіп, олармен етене болуы Жәнібекке ағалық мейіріммен әкелік рух бағыттады. Сондықтан да балалық шағында қанды көйлек киіп, есейген Жәнібектің батыр болмауға қақысы жоқ еді. Хан Абылайдың Қабанбай, Бөгенбай, Малайсары, Өтеген сынды хас батырлардың біреуі болған Ер Жәнібек Абақ Керей елінің он екі Абақ болып, есе-теңдік алуына ерекше еңбек сіңірген мықты ақыл-ой дипломатшы да бола білген. Жоңғарлар жеңіліс тапқанннан кейін Керейдің бұрынғы ата жұрты-Өр Алтай қаңырап бос қалған кез еді. Қоңыс шалып келген Жәнібек би Абылай ханға өзінің Алтайға аңсары ауып кеткенін айтып, Керейді сол жаққа көшіріп, қоныстандыру ойы барын айтып рұқстаны алған. Сөйтіп, Жәнібек би басшылығымен Абақ Керей өздерінің тарихи ата жұрты өр Алтайға қайта қоныс тепті. Көрші Арғын, Нариман руларымен келісімге келе отырып, рулық әкімшілік басқару сипатта болған. Ел ішіндегі айтыс-тартыс, дау-шаралар ру ақсақалы Ер Жәнібек би өзі Жантекей руынан бола тұра, он екі ата Абақ балаларын бөлшектемей, тең көріп, теңдігін әперіп отырғандықтан кейіннен сол елдің ұранына айналды.

Осылай күндер сырғып өте берді. Жәнібек батыр қартайды ел билігін көзі тірісінде кімге тапсыруды көздеген зерделі би 1784 жылы Әбілфейіз ханға кісі салып, төре сұрайды. Бұл оқиға «Абақ Керейдің төре сұрауы» деген атпен ел щежіресіне жазылады. Әбілфейіз ханға төре сұрау үшін Жантекейдің Қазыбек руының биі Тауасар барып 1785 жылы Абақ Керей елі он екі жасар Әбілфейізұлы Көгедайды (Көктегі-ай) Қалба тауына хан сайлайды. Абақ Керей елі осыдан бастап төресі бар, заңы бар, іргелі, еселі, еркін елге айналады. Көгедай төренің ел алдындағы беделі өсіп, оның әділ төрелігі үнемі мадақтауда болады. Өзіне амандаса келген Көгедай төреге разы болған Ер Жәнібек , «Жігіті бар ел жаудан қорықпайды, шешені, төресі бар ел даудан қорықпайды, орның болды кемелді, Керей енді теңелді» -деп ақ батасын беріпті.

Ер Жәнібек Бердәулетұлы 1792 жылы 78 жасында қайтыс болды. Жәнібек ел жұртына данагөй ақылдылығымен де, ержүрек батырлығымен де пана болған. Оның сүйегі Шығыс Қазақстан облысы Қалба тауының сілеміндегі Ортабұлақта жерленген. Ал бастап келген ел – жұрты атамекенге – бүгінгі Шыңжан, Баян-Өлгей өлкесіне жеткені анық. Тіпті бұл үрдіс Шығыс Түркістанда болған ұлт-азаттық қозғалысы, Оспан батырдың күресі тұсында қалың елге ұран болған Ер Жәнібектің ақ туын көтеріп: «Жәнібек, Жәнібек!» деп ұрандатқандары тегін болмаса керек. Ер Жәнібектің ұрпақтарының көпшілігі Қытай Халық Республикасында, Шыңжанда тұрып жатуы-қазақ өлкесінің бір сілемі екенін мықтап дәлелдейді.

Қорыта айтқанда, жоңғар қалмақтарын жойқын шабуылынан қазақ жерін, оның ішінде бүкіл Шығыс Қазақстанды азат етуде Ер Жәнібектің алар орны ерекше.