Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі

Қаракерей Қабанбай (Ерасыл) Қожағұлұлы
(1691-1769 ж.ж.)

Қабанбай XVII ғасырдағы жоңғар басқыншыларына қарсы қазақ халқының жүргізген азаттық күресінің тендесі жоқ бас батыры, талантты бас қолбасшы және мемлекет қайраткері «дарабоз» хан батыры. Туған жері Алакөл бойы, Барлықтың майлының маңы. 1691 жылы щыңылтыр сары аяз күнінде қос қабат киіз үйдің ішінде, Байжігіт Мәмбетұлы Қожағұл батырдың әйелі Ханбибі анамыз 2-3 күн толғатып, шекесі торсықтай ұл туады. Мәмбеттің бәйбішесі азан шақырып «Ерасыл» деп ат қойғызыпты.

Ерасыл он жасқа келгенде тайға мінсе аяғы жер сызып, жетектеген құлыны желіге жүрмесе, құлағынан созып әкеп байлайтын көрінеді. Осыған қарап жеңгелері «Нарбала» атап кетіпті.

13 жасында елді қорғауда, соғыста қаза болған әкесінен айрылды. Әкесінің орнына әкедей болып жүрген ағасы Есенбайды жылқы бағып жүргенде, қалмақтың Өлгежырға деген атақты батыры өлтіріп, 200 жылқысын айдап кетеді.

16 жастағы Ерасыл ағасын іздеп шығып, қарны жарылып өліп жатқан ағасын көріп, аттан өкіріп түсіп құшақтап, қалмақ ауылы жағына қарап, кектеніп кек алуға ант береді. Ауылдың үлкендерінен қайыр болмаған соң, күрең атына мініп, қалмаққа кек алуға аттанады.

Қалмақ ауылы жағында түйе бағып жүрген қырғыз жігіті Ербенемен танысып, соның көмегімен түнде торуылдап, Өлгежырғаны сыртқа шығып демалып керіліп тұрған жерінде алқымынан ала түсіп, тынысын тарылтып: «біліп ал мен сен өлтірген, жылқысын айдап кеткен, Есенбайдың інісі Ерасылмын» , деп қанжарды қақ жүректен салған екен. Содан Ербене екеуі Өлгежырғаның боз арғымағын жетектеп, байлаулы аттардың үзеңгісін үзіп, айылдарын қиып, өз жағына емес, солтүстік шығыс Алтай тауы жаққа тартыпты. Таңға жуық Ербене тоқтамай шаба берсең, бәленбай белеске жеткен соң біздің ауылға бар, ары қарай еліңе кетерсің дейді. Ербенемен қоштасқан соң біраз демалмақ болып, қатты ұйқыға бойлап кеткен екен. Аттардың оқыранып жер тарпыған дауысынан ояна келсе, келе жатқан жаудың біреуі Ерасыл атына міне бергенде садақты тартып қалады. Жебе атқа тиіп, енді екінші атқа ұмтылғанда, жетіп келген қалмақ найза сілтейді. Найзаға сап ете түскен Ерасыл оны жұлып алып өзіне сілтегенде, қуғыншы қанаты қиылған қарақұстай жалп етеді. Артынан білсе ол Өлгежырғаның атақты інісі Арсалаң болып шығады.

Ерасыл руы Керей Алтайдағы Бердәулет жездесі мен туған апайы Меруертке жол тартады. Оларға аман-есен жетіп, жылаған апайы өксігін басып, біраз айдан кейін үйлендіріп, алдына мал салып отау тіктірген екен. Өз еліне бармағаны, еліне қалмақтардың шабуылына ұшыратпау үшін із тастамау болса, екіншіден ел болып Есенбайың кегін алмағанына өкпелі болады. Ол он алтыдан, жиырма бес жасқа дейін Алтай өңірінде Марқакөлдің Қалжыр өзені жағында Сарытау жерінде Зайсанның Сауыр, Сайқан тауларында жүрген . Жездесінің жылқысын бағып, жаужақты қарауылдап, аң аулап, құс салып жастық шағы өтіп жатады.

Бірде өзіне шапқан екі қабанды өлтіріп еді, «мынандай қабандарды өлтірген нағыз қабан екенсің» деген жездесі Бердәулеттің сөзінен кейін әл-ауқаты жақсарып Қабанбай атанып кетеді. Сөйтіп, Ерасыл Қабанбай батыр болып шындалып, сомдалып 25 жасқа келгенде елден Дәулетбай атты інісі іздеп келіп, елін жұртын сағынып, кейін қайтады. Тап осы кезеңдерде жұмық ағайындардың жағдайы нашарлап, әсіресе 100-ден артық үй Толағай тауы түбінде қалмақтарға ұлы құл, қыздары күң болып жүр екен. Елге оралған соң әкесінің інісі Өмір батыр Ерасылды Байжігіт ұрпақтарының бас батыры етіп сайлап, туын тапсырып, әлгі Толағай түбіндегі жүдеген ағайындарын езгіден құтқаруды тапсырады. Осы жолда үлкен шайқас болып Ерасыл бастаған Дәлетбай, Тоғас , Қосай, Жанай, Назарқұл батырлар жорықты сәтті аяқтаған екен.

«Ақтабан шұбырынды, алакөл сұлама» жылдары Қабанбай бабамыз бас батырлыққа суырылып шыға бастады. Сол жылдары Қабанбай, Бөгенбайдай батырлар көп жыл аламан әскерді басқарды. Бөгенбай қартайып, Абылай ханның келісуімен бас батырлыққа Қабанбай інісін сайлапты. Қабанбай батыр 46 жыл аламан қолды басқарады.

1727 жылға дейін мың басы, түмен басы болып ж,рсе, үш жүз бас қосқан Қарқаралы Аягөз ұрысында бас қолбасшылықты Қабанбай атқарады. 1729 жылы Қарқаралы сыртында, Қарағайлы деген жерде 17 күнге созылған соғыста Қабанбай бір күн кешке дейін майдан алдында жалғыз тұрып, алты қалмақтың басын алған. Оның қайратына, қайсарлығына, бірбеткейлігіне сүйсінген қалмақтар «Расында нағыз қабан екен депті» дейді, оның жекпе-жегін көзімен көрген.

Ол өмірінде 436 соғысқа қатысып, 103 рет болған жекпе-жекте үнемі жеңіске жетіп отырған. Жетісу өңірін, Алматы аймағын, Қарақалпақ елін бодандықтан құтқаруды, Ташкентті жаудан босату, соғысын басқарған Ташкент әмірі болған Төле би қуаныштан асыл ерім, құтқарушым деп Қабанбай батырды кеудесінен иіскеп, тарам-тарам сақалынан көз жасы аққан екен дейді. Міне, сөйтіп хан би, батыр бабаларым 1758 жылы Аягөз аймағында «Мамырсу» келсіміне қол қойып қазақ мемлекетінің іргетасын қалаған екен.

Қабанбай ел қамын ойлаған ерен батыр, қазақ елінің қай бұрышынан жау тисе, соғысының өтіне қарай шауып, жауға ұрыс салып тисетін атайшыл батыр болған. Жауға қаһарлы қатты болғанымен ел – жұртына ет бауыры езіліп тұратын деседі. Мың кісінің ішінде Қубас атына мініп тұрғанда алыс жерден таудай болып көрінетін деседі. Ойы да, бойы да биік, кесек тұлғасымен қоса, атақ даңқы, абыройы да асқақ болыпты.

Қорыта айтқанда, қазақ халқының бостандығымен тәуелсіздігі үшін бүкіл өмір бойы күрескен «дарабоз» батыр, баба Қабанбай есімін ардақтап, келер ұрпаққа жеткізу, қасиетті борышымыз деп білеміз.