Басты бет » Қазғұмар бақсының қобызы

Қазғұмар бақсының қобызы

Күршім  ауданы Қойтас ауылынан шыққан адамдардың ішіндегі ең атақты  деп, Қазғұмар бақсыны атайды. Кезінде Қазғұмар бақсының аты бүкіл Арғын-Найманға белгілі болыпты.  Қазғұмардың атасы Күнтуар атақты бақсы болып, одан бұл қасиет немересі Қазғұмарға берілген екен. Бақсының  жеңіл-желпі ауруларды үшкіргенін айтпағанда, ауыр дертке ұшырағандарды да емдету үшін оны  шалғай өңірлерден қос  атпен әдейілеп алдырады екен. Қазғұмар бақсының бір қасиеті, қасында жүрген адамдардың қайдан, не істеп келгендерін қапысыз біліп отырады екен. Бақсының қобызы шамамен 1774- 1776 жылдары жасалыпты. Күнтуар бақсы бала күнінен сол қобызға әуес болып, атақты Қорқыттың күйлерін тартатын болған. Бірте-бірте басқа да  өнерді де үйреніп, атақты бақсы атанған. Күнтуар бақсының қобызы жайлы мына бір аңыз ел арасына тараған.   

 …Арғын Найманға белгілі, Қаратай еліндегі атақты Қамбар төре әкесіне ас беріпті. Ас болған соң әрине аламан бәйге болады. Қамбар төренің «Көкторғай» деген алдына қара салып көрмеген атақты жүйрігі бар екен. Бәйге алдында оны көрген сыншы атаулының барлығы  «бас бәйге даусыз осы Көкторғайдікі», деген байлам айтады. Мұны естіп тұрған Күнтуар бақсы «менің қара қобызым Көкторғайдан да бұрын озып келер еді»- деп айтып, қалады. Оның сөзіне жұрт күліп, жансыз ағашты бәйгеге қосама екен – деп келемежге айналдырады. Ақыры бақсы қобызын ат айдаушы жігіттердің біріне өңгерткен де «барған соң жерге тастай сал»- деген екен. Барған соң әлгілер сан түрлі ойға кетіп, ақырында қобызды қыл арқанмен бір түп шеңгелге тас қып байлап тастайды. Аттар түні бойы демалып, келесі күні таң ата бәйге басталады. Сәйгүліктерді күтіп тұрған жұрттың көзіне бір уақытта қалың шаңнан бөлініп шығып,  дара созылған жалғыз шаң, оның арасынан үш жүз аттан оқ бойы озып келе жатқан «Көкторғай» шалынады. Ал қобыздан хабар жоқ. Күнтуар бақсы тұра қалып ойнап, қобызды шақырады. Сол кезде «Көкторғай» жүйріктің көмбеге жетуіне біраз ғана жер қалған екен. Кенет, бір құшақ шеңгелі дүрілдеп жанған күйі жеткен қобыз аттың алдына түседі де, көмбеге келіп дүрс құлайды. Сондағы соққыдан шанағы айрылып, ішіне орнатқан айнасы бөлініп сынып кеткен екен. -Қобызың дүрілдеп аттардың үстінен ұшып өткенде бала шошынып, аттың басын тартып қалған, өйтпегенде «Көкторғай», алда келер еді – деп кеуделеген Қамбар төреге, Күнтуар бақсы: -Әй төре,- деп ақырып жіберіпті- ана оңбағандарың  шеңгелге байлап кетпегенде менің  қобызым сенің көк мәстегіңнен бұрын келер еді.  Ақыры қарсы жақ жеңіліп, бас бәйгені Күнтуар бақсыға беріпті. Күнтуардың баласы  Байкен де қобыз тартқан,  балгер болған адам, бірақ бақсылық оның үлкен ұлы Қазғұмарға дарыған екен. Сол қасиетімен талай жерге танымал болған Қазғұмар бақсы 1961жылы 16 ақпанда 82жасында қайтыс болыпты.  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.